«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы ЕАЭО аясында еліміздің азаматтарын жұмыспен қамтуда мемлекеттік кепілдік болып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Еңбек мигранттарына ЕАЭО шеңберінде берілетін әлеуметтік кепілдіктер» тақырыбындағы брифингке ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайлы «ҚазАқпарат».
«Жол картасы еліміздің азаматтарын жұмыспен қамтуда мемлекеттік кепілдік болып отыр. Негізі Жол картасына тек Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Ал шетелден келген, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен жұмыс істеуге келген азаматтар бағдарлама аясында жұмыс істей алмайды», – деді вице-министр.
Осы орайда ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізгі дағдарысқа қарсы шара ретінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында айқындалғанын еске салды.
Мұнымен қоса С.Жақыпова бүгінде Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпте, құрылыс және тау-кен өндіру салаларында жоғары білікті мамандар сұранысқа ие екенін атап өтті.