$ 498.51  522.84  4.81

Бүркеншік атпен жазылған шағым бұдан былай қаралмайды

Жаңа жылдан бастап күшіне енген Қылмыстық-процестік кодекс ел көлемінде кеңінен талқыға түсіп жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше бұл заң қылмыстық істерді қараудың жолдарын жеңілдете түседі. Арнайы ерекшеліктері де көп хабарлайды Таң телеарнасы.

Мысалы, бұдан былай бүркеншік атпен жазылған шағымдар қаралмайды. Бұған байланысты сала мамандарының да пікірі сан алуан. 

Наталья Корниенконың о дүниелік болып кеткен анасының мұрасына қол жеткізе алмай жүргеніне төрт жыл болыпты. Айтуынша, өзіне тиесілі жер телімін, танымал шенеуніктің туысы жалған құжат жасатып, алып қойған.

Жерді қайтарып алу үшін шағым түсірмеген жері қалмапты. Дәлел алып барсам да ісім қаралмайды деген келіншек жаңа заңнан өз ісінде өзгеріс көрмейді.

«Аты, тегі көрсетілмеген шағымды қарауға тыйым салатын жаңа заңға таң қалам. Бұдан еш өзгеріс болады деп ойламаймын. Себебі, мен өз шағымымда дәлелдерді көрсетіп отырсам да төрт жылдан бері ешқандай тиісті мекеме шағымыма назар аударған емес», – дейді Наталья Корниенко.

Бексұлтан Нұрпейісов жиырма жылға жуық полицияда, түрлі шағымдар бойынша күдіктінің қылмысын дәлелдеуде еңбек еткен. Айтуынша бүркеншік шағымдардың отыз пайызға жуығы рас болып шығады. Соның арқасында бірнеше ірі қылмыстың жолы кесілген.

«Қарамағындағы қызметкер бастығының қылмысын біледі. Ол ашық айтайын десе жұмыс орнына, өміріне алаңдайды. Өзім осындай істің талайын қарап, дәлелдегем. Сондықтан, бүркеншік атпен жазылатын арыздарды қарау керек деп ойлаймын», – дейді заңгер Бексұлтан Нұрпейісов.

Ал құқық қорғаушы Алексей Нигай бұл өзгерісті мүлде басқаша түсінеді.

«Мен жаңа заң жобасын мемлекеттік қызметкерлерге жасалған қысқартумен байланыстырамын. Себебі, бүркеншік атпен жазылатын түрлі мақсаттағы шағымдар полиция, прокуратура қызметкерлерінің көп уақытын алады. Қала берді ол хаттардың дені өтірік болатындықтан, қазір уақыт күттірмей күресуді қажет ететін мәселелер көп», – дейді Алексей Нигай.

Бұл жөнінде кеше ғана ҚР бас прокуратураның өкілі Әмірхан Аманбаев брифинг кезінде: «Бүркеншік атпен жазылған шағымдар қаралмайды, бәріне жеткізіңіздер! Жазбасын!» – деген болатын.

Бұған дейін 2014 жылы тура осындай заңның боларын бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары