$ 444.22  476.38  4.82

Ата-анасы оққа ұшқан ұлын өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Құйған ауылының тұрғыны оққа ұшқан ұлының өз-өзін атып өлтіргеніне сенбейді, деп хабарлайды 7 арна.

Айта кетейік, өткен жылы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысында 15 жастағы жеткіншек басына оқ тиіп қаза болған. Ал бұл қылмысты полиция мен прокуратура қысқартып тастаған. Ал сол күні марқұмның қасында болған жеткіншектің отбасы ауылды тастап көшіп кеткен.

«Осы куртка болса, оң қолын осылай киген. Дәл осылай киіп, сол қолын кие алмай құлаған. Осы қанды болып жатқан жерге ол өзін-өзі атты қылып, курткасын шығарып мылтықпен өзін-өзі атты қылып кеткен ғой», – дейді қаза тапқан жеткіншектің әкесі Нұрлан Бигелов.

Ойда жоқта оққа ұшып, опат болған Нышанбайдың қазасы әкеге қатты соққы болған. Қолындағы суретте атылған аңшы мылтығы қос көзін ағызып жіберіп, мидың қақпақшасын зақымдаған. Оқиға болған үйдің қабырғасында сол күнгі қанның ізі қалыпты. Бұл дерекке қатысты полицейлер екі бірдей қылмыстық іс қозғаған. Бірі мылтық иесіне қатысты болса, екіншісі қаруды кезеп, басынан атқан жасөспірімнің үстінен, – дейді әкесі. Бірақ сол екі іс те қазір қысқартылып кетті деп ашынады.

«Әкесіне мылтықты заңсыз түрде ұстаған деген қаулы қалған. Оның да бабын екі жақ бірін-бірін кешірген деген бап қойып қойған. Сөйтіп, сол арқылы сотқа жолдап отыр. Ал мына өлтірген қылмыскер балаға мүлде жаза жоқ оған», – дейді ашынған әке Нұрлан Бигелов.

Қазір қанды оқиға болған баспана қаңырап бос тұр. Қылмыс болған үйдегі отбасы араға апта салып көшіп кетіпті. Қайғылы қаза алдында 14 жасар Нышанбайды көрші құрдасы өз үйіне сұрап әкеткен еді, - дейді әкесі.

Ал таңертеңгісін тура сол баспанадан жеткіншектің мәйіті табылыпты. Ұлынан айырылған анасы да көз жасын көл қылып отыр.

«Неге атты деймін де, үйден сұрап әкетті баламды. 15-ке келетін еді ертең қаңтардың 28-не», – дейді қаза тапқан жеткіншектің анасы Күміскүл Әдірова.

Ұзындығы 1 метр 160 см-лік аңшы мылтығынан өзін-өзі атып өлтіруі мүмкін емес дейді ата-ана. Бұған қоса, қару иесінің бірде-бір құжаты жоқ деп отыр олар. Ет жүрегі езіліп отырған ата-ана құрдасын атқан жасөспірімнің үстінен қозғалған қылмысты неліктен жылы жауып тастағанын түсінбей дал.

Өйткені олардың қолында тергеушінің істі қысқарту туралы қаулысы бар. Енді сарыағаштық погондылардан әбден көңілі қалған жәбірленуші тарап бұл арызын Астанаға арқалап баруды көздеп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары