Американың Coca-Cola корпорациясы шығынды азайту мақсатында әлем бойынша 1,6-1,8 мыңға жуық қызметкерін жұмыстан шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bnews.kz.
Мекеме басшылығы қызметкерлерге өз еркімен қызметінен кетуге өтініш жазуға хабарлама жібере бастады. 1,8 мың қызметкердің босатылатыны туралы мәлімет әлі нақты емес, жұмыссыз қалатындар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қазір компанияда 130 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Coca-Cola басшылығы 2019 жылға дейін жыл сайынғы шығынды 3 млрд долларға қысқартып отыру туралы бағдарламаның басталғанын өткен жылдың қазан айында жариялаған болатын. Бұған себеп – компанияның 2014 жылдың шілде-қыркүйек айларындағы табысы 14 пайызға төмендеуі.