13.01.2015, 03:45

Таразда ЖОО-ның бұрынғы ректоры сотталды

Cурет, m.tengrinews.kz

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің бұрынғы ректоры Жомарт Қошқаров Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК-на» тиесілі екі ғимаратты иеленіп, басқаның мүлкін ұрлаған деген айыппен сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне cілтеме жасап. 

«Ж.Қошқаров (ЖМТУ бұрынғы ректоры) пен А.Жанабайдың ҚК-тің бұрынғы редакциясындағы 177-бабы 4-бөлігінің «б» тармағына, ҚК-тің жаңа редакциясының 385-бабы 2, 3-тармақтарына сәйкес сотталғандықтары жөнінде Тараз қалалық №2 сотының айыптау үкімі шығарылды. Сот үкіміне сәйкес Ж.Қошқаров пен А.Жанабай топ болып алдын-ала келісім бойынша жалған ресми құжат жасап, оны пайдалана отырып, сенімге кіру және алдау жолымен Тараз қаласы Қойгелді көшесі №173 және №190 мекен-жайында орналасқан «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясына» тиесілі екі ғимаратты иеленіп, басқаның мүлкін ұрлаған деген айыппен кінәлі деп танылды»,  ̶  делінген хабарламада.

Сот үкімімен Ж.Қошқаров мүлкін тәркілеумен 5 жыл 6 айға, А.Жанабай мүлкін тәркілеумен 5 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимді түзеу колониясында жазасын өтеу тағайындалды.