$ 498.34  519.72  4.85

«Алма-ТВ»-ге қомақты мөлшерде айыппұл салынды

«Алма-ТВ» ЖШС-нен ҚР «Бәсекелестік туралы» заңын бұзғаны үшін мемлекет пайдасына 213,3 млн. теңге өндіріп алынған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы қ. прокуратурасы Г. А. Шин. есімді азаматтың арызын тексеру  нәтижесі бойынша, Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы инспекциясына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 147-бабының 3 тармағына сәйкес, «Алма-ТВ» ЖШС-ін әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы, заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізді.

Бұл заңды тұлға, өзінің телекоммуникация саласында басымды жағдайға ие екендігін пайдалана отырып, еліміздің жекелеген аймақтарында ҚР «Бәсекелестік туралы» заңын бұзып, кабельдік теледидар тұтынушылары үшін әр түрлі бағалар қолданып келген»  ̶  делінген прокуратураның хабарламасында.     

Монополияға қарсы инспекция өз кезегінде, Алмалы аудандық прокуратурасының ұсынысын қарап тексеру  нәтижесі бойынша, прокурордың «Алма-ТВ» ЖШС-ға қатысты талабын орындай отырып, 2014 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 147-бабының 3 тармағына сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына тиісті материалдар жібереді.

Алайда, «Алма-ТВ» ЖШС-нің әкімшілік құқықты бұзғандығы туралы деректер жеткілікті бола тұра, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2014 жылдың 31 қазанында әкімшілік құқықбұзушылық нышанының жоқтығы себебінен әкімшілік құқықбұзушылық ісі бойынша өндірістің тоқтатылатындығы туралы тиісті қаулы шығарады.

Кейін, Алмалы ауданының прокуратурасы соттың бұл қаулысымен келіспей, өз ұстанымын дәйекті түрде қорғай отырып, Алматы қаласының қалалық сотына заңсыз қаулының күшін жойғызып, аталмыш компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы жаңа қаулының қабылдануы керектігі туралы  апелляциялық шағым түсірді. 

«2014 жылдың 11 желтоқсанында Алматы қалалық сотының алқасы прокурордың апелляциялық шағымын толығымен қанағаттандырды. Құқық бұзушы «Алма-ТВ» ЖШС 129 300 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл сома, заңсыз монополистік әрекетті жүзеге асырудың арқасында алынған табыстың 10 пайызын құрайтындығын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, аталмыш компаниядан 84 млн. теңге көлемінде монополиялық табыс тәркіленеді», ̶ делінген прокуратура хабарламасында.    

Осылайша, Алмалы ауданы прокуратурасының табандылық танытуының арқасында, құқық бұзушы «Алма-ТВ» ЖШС нарықтағы өзінің басымды жағдайын асыра пайдаланғаны үшін (бұған ҚР «Бәсекелестік туралы» заңымен тыйым салынған) жауапкершілікке тартылды және одан 213,3 млн. теңге мемлекет пайдасына өндіріп алынды.   

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары