$ 449.58  486.94  4.86

Жүрсіннен «жүйрік» шықты

Мерзімінен бұрын президент сайлауы өтеді дегеннен бері, мұндай орайды қолдан жібермей, «көзге бір түсіп қалудың» бәсекесі қызған секілді.

Әрине, ұпай түгендеуге табылмайтын-ақ сәт болып тұр. Ассамблеяның бастап берген бастамасын іліп әкетушілердің саны сол күні-ақ қарасын молайтқан. Әдебиет пен мәдениеттің серкелері қашан сайрайды екен деп, «асыға» күтіп жүр едік, алдыңғылардың бірі болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Республикалық кітап мұражайының директоры Жүрсін Ерман оқ бойы оза шауып, қатарластарын шаң қаптырған секілді.

Ол мерзімінен бұрын өтетін сайлау туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында: «Неге Президент сайлауын биыл өткізу қажет? Мұның басты себебі, экономикалық, қаржылық дағдарыс. Ол бүкіл әлемді шарпып келеді. Қазақстан бұдан шет қала алмайды. Саясаткерлердің айтуынша ол келесі жылға да созылады. Демек, Президент және Парламент сайлауын алдағы жылы қатар өткізу - қаржылық қиындықтарға әкеп соғуы мүмкін. Сол үшін Президент сайлауын биыл өткізуде үлкен мән жатыр. Соңғы 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан небір дағдарысты бастан кешті. Солардың барлығынан халықты күйзелтпей, жұртты жұтатпай, қиыннан қиыстырып жол тауып аман-есен алып келе жатқан Елбасының қолына ел тізгінін қайта ұстатсақ, келесі жылы Парламент сайлауын еш қиналмай өткізуге мүмкіндік туады. Бұдан ешқандай бір құйтырқы амал-айла, тәсіл іздеудің қажеті жоқ», − деп саясаттан саясат іздегісі келмейтінін айтып, «ағынан жарылыпты».

Жағымпаздықтың жарысы Жүрсінді де «жүйрік» қылды...

Асқар НҰРХАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары