«Гламур для дур» драмалық комедиясының басты рольдерін сомдаған Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота Сейтмағанбеттің кинодағы романы өмірде жалғасып, соңы ажырасумен бір-ақ аяқталған болатын. Жауапсыз некенің зардабын енді екеуінен туылған сәби көруі мүмкін.
Ал, Дәурен болса осынау проблемаларын ысырып қойып, қазір өзге комедиялық картинаға түсуде деп мәлімдеді НТК телеарнасындағы "Ревю" тілшілері. Бұл жолы оның фильмдегі махаббаты танымал актриса - Әсел Сәдуақасова. Кинотуындының режиссері - Асқар Бисембин.
Дәурен мен Әсел бұл фильмде ерлі-зайыптылардың ролін сомдайды. Бастысы, Дәурен тағы да образға кіріп кетіп, кинодағы ролін өмірмен шатастырып алмаса болғаны.
“Алғашқыда басты рөлдегі жігітке Кенталды таңдаған едік. Сәл уақыттан кейін сценарийді қайта жазып Айдарқұловты бекіттік. Өйткені, Дәуреннің бұл орбазды сәтті сомдап шығатынына күмәнім болмады”, – дейді режиссер.
“Менің бұл жолғы рөлім бұрынғыдан өзгерек. Өйткені, осы уақыта дейін қалыңдық атануға қамданып жүрген қыздардың образын сомдасам, бұл жолы үй шаруасымен ғана шұғылданатын тұрмыстағы келіншектің кейпіндемін”, – дейді актриса Әсел Сәдуақасова.
Сондай-ақ, актерлық құрамды Сая Оразғалиева, Айнұр Ілиясова, Жан Байжанбаев және Марат Достаев сынды танымал актер-актрисалар толықтырған.
«Развод по-казахски!» Фильмнің уақытша атауы, бірден дәм-тұзы жараспаған жанұяны көз алдыңызға елестетеді. Алайда, Асқар кезекті картинасында ақшаға құныққан алаяқтардың түрлі әдіс-тәсілін әзіл арқылы көрсетпек.
Комедия келер жылдың көктемінде қалың көпшілікке ұсынылатын болады.