$ 498.34  519.72  4.85

Өлілер тізіміне еніп кеткен кейуана 6 айдан бері зейнетақысын ала алмай жүр

Ақтөбеде жасы сексенге келген кейуана құжат жүзінде өлілердің санатынан бір-ақ шыққан. Соңғы бес айдан бері қария өзінің тірі екенін еш жерге дәлелдей алмай жүр. Соның кесірінен жарты жылдан бері зейнетақымнан да қағылдым дейді. Ойда жоқта қайтыс болғандардың тізіміне іліккен қария қазір Ақтөбедегі қаңғыбастарды бейімдеу орталығында жатыр деп мәлімдейді 31 арна.

Баладан рақат көрмедім деген қарт қазір қаңғыбастардың үйінде жан сақтап жүр. Туған ұлымнан зәбір көрдім деген кейуана ұлының  өз үйінен қуып шыққанын айтады. Содан бері әркімнің шаңырағында бас сауғалап келдім дейді  Дариға Салмағамбетова.

«Бар, кет. Қайда барсаң онда бар. Мен сені баға алмаймын. Пенсиямды жейді. Мен ештеңе айтпаймын. Отырғаным осы отырамын. Соның өзінде маған тамақ бермейді. Сосын ұрады. Жағым ауырды. Мына жеріме пышақ сала жаздады»,  – Дариға Салмағанбетова.

Жасы сексенді алқымдаған қейуана бұл орталықта тамыз айынан бері тұрып жатыр. Орталыққа келгенде қарияның қолында тек жеке басты куәландыратын құжаты ғана болыпты. Ал әженің қайтыс болғандар тізімінде жүргенін тіркеуге қойып, қарттар үйіне құжаттар дайындап жатқанымызда бір- ақ білдік дейді орталықтың мамандары.

 «Біз ХҚО барып тіркетуге қоятын кезде бұл кісінің қайтыс болғандар тізіміне еніп кеткендігін білдік. Тіркеуге осы уақытқа дейін қоя алмай тұрмыз. Зейнетақысын ала алмай отыр. Енді осындай мәселелер шешілмегендіктен оны қарттар үйіне аударуға мүмкіншілік тумай отыр», – дейді  әлеуметтік бейімдеу орталығының маманыРайса Дармышева.

Қарияның  өмірде жоқ адамдардың тізіміне  қалай енгенін құзырлы органдар нақты айта алмай отыр. Бар болғаны Алға ауданындағы жергілікті әкімшіліктің жіберген қатесі болар деп күдіктенеді.

 «Қазір біз осы қарияға байланысты жан-жақтан ақпараттар жинап жатырмыз. Қарияның қолындағы құжатта сәйкестендіру  нөмері жоқ. Жаңасына ауыспаған. Мүмкін сол сәйкестендіру нөмері тіркелмегендіктен осындай қате кеткен болар. Қазір Дариға Салмағамбетова бізге келіп түсініктеме жазып, қолындағы құжатын тапсырып кетуі керек. Содан кейін базадағы тізім мен құжаттарына түзетулер жасаймыз», —  Ақтөбе облыстық ІІД көші-қон басқармасының инспекторы Галина Синявская.

Енді Дариға әженің құжаттарының барлығы қайта тексерілмекші. Алайда өмірден өткен адамдар қатарында жүрген  кейуананың қолына өзінің тірі екенін дәлелдейтін құжаттың қашан тиетіні белгісіз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары