Аяз ата мен Ақша қарды үйге шақырту үрдісі бұрынғымен салыстырғанда азайып барады. Бұл туралы елордада мерекелерді ұйымдастыру агенттігі мәлімдеді.
Айта кетерлігі, 1show.kz event-агенттігі сарапшылары өткен жылы мұндай шақыртулар алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге азайып кеткенін айтады. Биылғы жылы тағы «құлап барады» екен. Аяз ата мен Ақша қарды шақырудың бағасы бұрынғыдай - 25-30 мың теңге аралығында қалған. Осы бағаға жаңа жылдың кейіпкерлері келіп, 30 минуттық бағдарлама бойынша балалармен ойын өткізіп, олардың көңілін көтереді.
«Астана карнавал» агенттігінің менеджері Асылтас Ділдебаеваның (өзі де Ақша қар болып ойнайды) айтуына қарағанда, агенттік балаларға арнап 35 бағдарлама әзірлеген. Қосымша аниматорлар үшін тағы 15 мың теңге төлеу керек. Көп жағдайда, Диснейдің «Суық жүрек» (Холодное сердце) мультфильміндегі Эльза мен Аннаға шақыртулар түседі. Агенттіктен атап өткендей, Эльза мен Анна жаңа жылдың кейіпкерлері болмаса да, оларға деген сұраныс жоғары. Жаңа жылдың кейіпкерлеріне деген талап қатаң - әртістер шебер әрі дауыстары мультфильмнің кейіпкерлеріндей болуы керек.
«Балалар Аяз ата мен Ақша қар қалсын деп жылайтын кездері де болады. Ал жаңа жылдың кейіпкерлерін көрген ата-аналардың өзі де кейде бізбен балаша ойнап кетеді. Мен кейде біздің келгенімізге балалардан гөрі үлкендер қатты қуана ма деп қалам. Кейде мейрамханадағы жаңа жылдық кештерге де шақырыламыз», - дейді Асылтас Ділдебаева. Әртістер ата-аналардың балаларына не сыйлық сыйлайтынын көп жағдайда білмейді екен. Бірақ, кейде үй жануарларын сыйлайтындай қызықтар да болып жатады. Кейбір агенттіктер әртістерді шақырмай-ақ, қажетті киімдер мен атрибуттарды алып, мерекенің ата-аналардың өздеріне ұйымдастыруға кеңес береді.
Дереккөз: ҚазАқпарат