Қырғызстан парламент депутаты Эльвира Сурабалдиева өзінің кейбір әріптестері ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін қорғайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың жергілікті тілшілері жазуда.
«Ұйымдасқан қылмыстық топпен (ҰҚТ) күресу үшін, ең алдымен саяси ерік-жігер қажет. Егер мұны ІІМ мойындай алмаса, мен ашық айтамын: парламенттегі менің кейбір әріптестерім ҰҚТ мүшелерін қорғайды», - деді Азаттықтың қырғыз қызметінің «Ынгайсыз суроолор» ("Ыңғайсыз сұрақтар") бағдарламасына берген сұхбатында.
ҰҚТ мүшелерінің кәсіпкерлерге қысым көрсетуі жөнінде Ыстық көлдегі «Осьминог» кафесіндегі өрттен кейін, ашық айтыла бастады. Кафе қожайыны кафеге өрт қойған қылмыс әлемінің өкілдері деп күдіктенеді. Жергілікті милиция болса, өрт "газ баллонының жарылуынан себеп болды" деген.
Бұл оқиға Жогорку Кеңеште талқыланды. Жалпы отырыс кезінде депутат Эльвира Сурабалдиева күш құрылымдарының атына сын айтып, кәсіпкерлерді қорғамайды деген.