$ 498.34  519.72  4.85

Теміржол бойында бейсауат жүрген мал тек қана қатер мен шығынға ұрындырады

Соның бір айғағы 10-шы мамыр күні Қосшоқы станциясы мен Тастақ станциясы арасындағы телімде 750-інші шақырымда жүк пойызы бір үйір жылқыны қағып өтіп, салдарында 17 бас жылқы өлген. Бұл жерде мал иесіне келген шығынға қоса «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына тепловоздың бүлінуі, жолдың желінуі, пойыздар қозғалысы кестесінің бұзылуынан келетін залал орасан.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Астана станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасы қызметкерлері қызмет көрсету аумағында орналасқан шалғай жатқан ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесіп, пойыздардың оқыс тежеу беру салдары туралы түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Сондай шаралардың бірі 14 мамыр күні Қосшоқы станциясында өтті. Оған Астана станциясындағы ІІЖБ бастығының орынбасары Д. С. Әбдікәрімов, Астана станциясындағы ІІЖБ ӘПБ бастығы А. С. Қилыбаев, Астана станциясындағы ІІЖБ ӘПБ инспекторы Н. А. Абыз және Әскерилендірілген теміржол күзетінің, Атбасар жол дистанциясының (ПЧ-20) қызметкерлері қатысты. Қосшоқылықтарға теміржол бойындағы елді-мекендердің малдарын ұстап бағу ережелері, мал қағу жағдайларының пойыз қозғалысы қауіпсіздігіне әкелетін зардабы туралы, сондай-ақ, мал иесіне салынатын айыппұл көлемінің жылдан жылға артып келе жатқандығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Жоғарыда айтылған 17 жылқының иесі табылған жоқ. Өйткені, жылқы иесі өзіне салынатын айыппұл көлемінің үлкендігін білетіндіктен, жауапкершіліктен қашып отыр. Тіпті, оқыс тежеу кезінде пойыздар жылдамдығының екпінінен түсетін салмақтан жолдан шығып кетуі әбден мүмкін. Бұл әсіресе бұрылыс жолдарда өте ықтимал жағдай»,-дейді Астана станциясындағы ІІЖБ бастығының орынбасары Дәулет Сыдықұлы.

Қосшоқы станциясының тұрғындары - дені теміржолда, ауылдағы элеваторда жұмыс істейтін, одан бөлек малмен күнелтіп, жер емшегін еміп отырған шаруа адамдары. Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан ауылда 50 шақты үй, 300-ден астам адам тұрады. Жол шаруашылығында тер төгіп жүрген соң «оқыс тежеу» туралы жақсы біледі. Сондықтан да болар, сиыр малы мен ұсақ жандықтарын бақташы жалдап бағуға мәжбүр. Сөйтіп, малдарын қараусыз қалдырмауға тырысады.

Көлік полицейлерінің айтуынша, қызмет көрсету аумағында жыл басынан бері 38 оқыс тежеу фактісі тіркелген, соның ішінде теміржол бойында бөтен адамдар жүргендіктен 27 рет, мал жүргендіктен 11 рет оқыс тежеу басылған.

Түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде көлік полицейлері мал бағу ережелерінен бөлек теміржол бойында жасалатын қылмыстар туралы да, оған қолданылатын жаза туралы да кеңінен тоқталды. ӘПБ бастығы А. Қилыбаев: «Қазір еліміздің жаңа Қылмыстық кодексі бойынша жазалардың барлығы да күшейтілген, айыппұл көлемі көбейтіліп, қамаққа алу мерзімі ұзартылған. Сондықтан, балаларыңыз бен бауырларыңыздың, таныстарыңыздың көрсеқызарлықпен екі қап көмір ұрлаймын деп, істі болып кетуінен сақтандырып айта жүріңіздер. Ондай фактілер жоқ емес. Алда балалардың жазғы демалысы келе жатыр. Балаларыңыздың да теміржол бойында бейсауат жүрмеуін, ойнамауын қадағалаңыздар»,-деп нықтап айтты.

Мұндай жұмыстар алдағы уақытта Қарағанды бағытындағы ауылдарда, Көкшетау бағытында Ақкөл станциясында және тағы да басқа елді мекендерде жалғаспақ.

 

Н. Уразгалиев,

Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары