Үстіміздегі жылдың 3 шілдесінде Астанада «Көшпенділер шайқасы» турнирі өтеді. Бұл жөнінде Қазақстандағы аралас жекпе-жек өнерінің дамуы мәселелеріне арналған ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде ММА федерациясының құрметті президенді Ерлан Қарин айтты.
- 3 шілде қала күні қарсаңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Көшпенділер шайқасы» бесінші турнирі өткізіледі. Оған ТМД кеңесіндегі халықаралық деңгейдегі белгілі-белгілі деген спортшылар қатысады. Бастысы бұл турнирді еліміздегі биылғы ең айтулы даталардың бірі Қазақ хандығының 550 жылдығына арнамақпыз. Осы турнирді Қазақ хандығының 550 жылдығына арнау арқылы біздер еліміздің тарихын, өнерін, мәдениетін халықаралық деңгейде кеңірек танытуда тағы да бір үлесімізді қосқымыз келеді, - деді Е.Қарин.
Сондай-ақ, жиын барысында Қарин аталған турнирдің әлемдік телеарналардан тікелей эфирде көрсетілетінін де атап өтті.
- Қазір ММА әлемдік деңгейде кеңінен дамып жатқан бокс, футбол сияқты спорт түрлерімен танымалдылығы бірдей. Күннен-күнге Қазақстандағы аралас жекпе-жек өнерінің аудиториясы да қарқынды өсіп келе жатыр. Осыны ескере отырып турнирді Қазақ хандығының 550 жылдығына арнағалы отырмыз. Соған сәйкес оның бағдарламасында да, оның спортшыларының шығуында да түрлі символикалар пайдаланылатын болады. Бұл турнир тек Қазақстанда емес халықаралық деңгейде өтетін болғандықтан оған халықаралық спорт арналарының назыры кең болады. Ол да біздің елдің тарихы мен өнерін танытуға бір үлесін қосады, - деді ол.