Батыс Бенгалияда (Үндістан) әйелінің бүйрегін сатып жіберген ер азамат пен оның інісін полиция қолға түсірді. Бұл оқиға әйел шындықты біліп, жергілікті полицияға барғаннан кейін ғана белгілі болды, деп жазады Hindustan Times.
Күйеуінен жәбір көрген 28 жастағы Рита Саркардың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын оның іш құрылысы ауыра бастапты. Осы жағдайдан кейін күйеуі оны емханаға апарған.
«Күйеуім мені Калькуттадағы жеке ауруханаға апарды. Дәрігерлер тексеріп, маған соқыр ішек болғанымды, оны ота арқылы алып тастағаннан кейін жазылатынымды айтты», - дейді жәбірленуші.
Алайда, бұл отадан кейін әйел сауығып кетпеген. Керісінше, ауруы асқынып, күшейе беріпті. Дәрігерге қаралайын десе күйеуі рұқсат бермей, тіпті бұл туралы жан адамға жақ ашпауын ескерткен. Дегенмен, әйелдің туыстары 3 айдан кейін оны емханаға апарыпты. Тексеруден кейін дәрігерлер оның бір бүйрегінің жоқ екенін анықтайды.
«Мен сол кезде ғана күйеуімнің мені не үшін дәрігерге апармағанын ұқтым. Ол менің бүйрегімді ата-анамның берген жасауына көңілі толмағандықтан сатып жіберіпті», - дейді Рита Саркар.
Ал полиция қызметкерлері қылмыскерлерді 5 ақпан күні ұстаған. Тергеу кезінде олар бүйректің Чхаттисгархадағы бір бизнесменге сатылғанын мойындады.
Белгілі болғандай, әйелдің жұпыны жасаумен келгені үшін күйеуінің туыстары оны 12 жыл бойы кемсітіп келген екен.