21.05.2015, 18:00

ТМД-ның І-ші Армия ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының 70 мықты спортшысы ТМД елдерінің тұңғыш армия ойындарына қатысуға іріктеліп алынды.  Мұнда біздің командаға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің беделді армия спортшыларымен сайысуға тура келеді. Алғашқы армия ойындары биыл жазда Мәскеуде өтеді.

Жалпы алғанда, сайыс бағдарламасына спорттың 30 түрі енгізілген.  Қазақстан құрамасы 13 спорт түрінде сайысқа түсетін болады.  Біздің  спортшылар биатлон, спорттық бағдарлау, жеңіл атлетика және таэквондодан қол жеткізетін нәтижелерге ерекше үміт артуда.

Алдағы армия ойындарының егжей-тегжейін ҚР ҚМ АОСК төрағасы Айталап Құрғамбаев РФ ҚК дене даярлығы басқармасының бастығы полковник Олег Боцманмен талқылады. Кездесу қазір Әл-Кувейт (Кувейт)  қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік армия спорты кеңесінің 70-ші Бас ассамблеясы және Конгресі барысында өтті.  

Мұнда қазақстандық спорт комитетінің басшысы КАФАК (АОСК-ның корейлік баламасы) басшысымен екіжақты келіссөз жүргізді.

Қазақстан және Ресей армия спортшыларымен бірге ассамблеяға 82 елдің әскери спорт комитеттерінің өкілдері қатысуда.  Олар әлемдік әскери-спорттық қозғалысты, әскерлердің дене даярлығын әрі қарай дамыту, армия спортшыларын дайындаудағы жаңа әдістерді іздестіру мәселелерін талқылайтын болады.