Мұрағат деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың 30-50 жылдары елдегі жаппай саяси қуғын-сүргін уақытында Жамбыл облысында сотсыз, тергеусіз «үштік» үкімімен облыстың 4 252 адамы жазықсыз сотталды, олардың 998-іне ең ауыр үкім тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
1924 жылдан бастап 1954 жылдар аралығында Қазақстанда барлығы 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, олардың төрттен бірі атылды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық, ғылыми зиялы қауым өкілдері бар: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Абдулла Розыбақиев, Мағази Масаншы, Ільяс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов және Жаханша Досмұханбетов.
Қазақстанда ГУЛАГ-тың (АЛЖИР, Степлаг, Карлаг) ірі лагерлері болды, құғын-сүргін жылдары мұнда 5 млн. адам жер аударылып келді.
«Ежелгі Тараз естеліктері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Анна Крокошеваның айтуынша, ХХ ғасырдың басында Әулие-Ата уезінің (Жамбыл облысының бұрынғы атауы) тұрғындарынан қуғынға ұшырағандар үлесі өте көп болған.
«Жаппай саяси қуғын-сүргін посткеңестік кеңістіктің барлық республикасын қамтыды. Оған біздің жерлестеріміз де ілікті. Ең қайғылысы, қуғын-сүргін құрбаны болғандар өз еліне адал қызмет еткен адал жандар еді. «Мен адал большевикпін және солай болып қала беремін...», - деп жазды өлер алдындағы жолдауында Әулие-Ата қаласын туғанындай көрген, 1938 жылы тұтқындалған тәжірибелі ұйымдастырушы, Қазақ КСР тері илеушілер одағының төрағасы С. Левитанус. Тұтқындағанына легитимділік беру үшін оған РСФСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басшылығымен «Қазақстанды КСРО-дан бөліп, Жапония протекторатына бергісі келеді, «ұлтшыл фашистер», жапон-герман жансыздары» деген жала жапты», - деді А. Крокошева.
«Шу стансасының білікті жұмысшысы С. Анциферов жапон барлауының тыңшысы болады деген кімнің басына келіпті? Зайырлы білімі жоқ 78 жастағы молда жаңа Конституция туралы арандатушылық дақпырт таратты, кеңеске қарсы үгіт жүргізді дегенге кім сенеді? Бұл және басқа да айыптаулардың еш негізі жоқ, дәлелсіз еді, алайда мұндай «фактілермен» ату жазасына кесілді!» - деді мұражай қызметкері.
1997 жылы Жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Олардың есімдері халқына қайта оралды, есімдері елді мекендер, мектептер мен көшелердің атын алды. Бұл жұмыс әлі де аяқталған жоқ, қуғын-сүргін мен аштық құрбандары жайлы естелік елдің тұрақтылығы мен жетістігі жолында өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс, деп санайды ол.
Жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Таразда қаралы күнге арналған шара өткізіледі. Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.