$ 494.87  520.65  4.91

Астанада «Жас қанат» байқауы басталады

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Жас қанат» жиырма төртінші республикалық жас орындаушылар байқауының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды елорданның ресми сайты.

Сахна төрінде еліміздің 10 қаласынан 15 жас әнші сынға түседі. Қатысушылар өздерінің өнерін 3 сайыстық кезеңде көрсететін болады. Жас әншілер қатаң әділ қазылардың алдында 3 күн бойы өнерін көрсетеді. Ақтық сынға тек 3 үміткер жетеді. Сәйкесінше, олар «алтын», «күміс», «қола» қанаттардың иесі атанады.

Байқау ұйымдастырушылары: Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы және «Азия дауысы» дирекциясы, «Хабар» агенттігі.

Байқау қарсаңында «жасқанаттықтар» Қазақ ұлттық өнер университетінде болды. Экскурсияны дарынды композитор Серік Еркімбеков өткізді. Ол университет тарихын, студенттердің жетістіктерін айта келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, қатысушылар Тәуелсіздік сарайында да болды. Астана қаласының макетін көргеннен кейін «4D» форматында Бәйтерек жайлы қысқаметражды фильмді тамашалады.

27 мамырда өткен жеребе тарту рәсімінде белгілі болғандай Петропавл қаласының тумасы Мирас Баянов сахна шымылдығын ашатын болса, кештің нүктесін қою Мерхат Қанапияновқа бұйырды. Ал он үшінші номерде астаналық Сұлтан Ахмет өнер көрсететін болады.

Жеребе тарту рәсімінен кейін дәстүрлі түрде Бейбітшілік және Келісім сарайының саябағында «Жас қанат-2015» аллеясы отырғызылды. Әр қатысушы өз арманын жазып, жердің астына сақтап қойды.

Айта кетейік, «Жас қанат» республикалық байқауының ақтық сыны 31 мамырда өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары