Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ұжымның бас режиссері Мұқанғали Томановтың «Жәннат» атты драмасының премьерасы өтті.
Қойылым - қазіргі таңда ең бір өзекті мәселеге айналған діни адасушылықты сөз етеді. Теріс ағымдарға ілесіп, отбасылық және ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, қоғамнан аулақтағандардың тірлігі көз алдыңа келеді. Бүгінгі таңда еліміздегі діни адасқандардың алды шетелдердегі қақтығыстарға аттанып, бірқатары сотталып та жатыр. Міне, театр әртістері осы шынайы өмірді суреттеп, мұндай жат қылықтардан елді, әсіресе, жастарды сақтандырады. Басты роль Сүйенішті Асылжан Жакин сомдаса, театрдың белді актрисаларының бірі, жуырда ғана қырықтың белесіне көтерілген Нұрлыгүл Жұбатова Ана бейнесінде шықты. Имамды Думан Омаров бейнеледі.
Айта кетейік, «Жәннат» драмасы БҚО дін істері басқармасының бастамасымен қойылды. Авторға теологтар Мақсат Раманқұлов пен Нұржан Стамбакиев кеңес берген.