Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жолаушылар автобусы аударылып, бірнеше адам жараланды. Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, жол апаты 25 ақпан күні сағат 20:40 шамасында Хромтау ауданының Жазық ауылы тұсында «Самара – Шымкент» жолында болған деп жазады Азаттық.
«Оңтүстік Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғыны Mercedes маркалы автобусымен Ақтөбе жақтан келе жатқанда рөлге ие бола алмай, автобус жыраға түсіп кетіп, аударылған. Салдарынан автобуста болған Өзбекстанның жеті азаматы түрлі жарақат алып, Хромтау аудандық орталық ауруханасына түсті» делінген хабарламада. Ресми мәлімет бойынша, автобуста 25 жолаушы болған.
Хромтау аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Людмила Волненконың Азаттық тілшісіне айтуынша, жол апатынан соң ауруханаға тоғыз адам, оның ішінде үш әйел жеткізілген. Зардап шеккендер негізінен жеңіл жарақат алған. Зардап шеккендердің ең кішісі 1997 жылы, ең үлкені 1961 жылы туған. Миы шайқалды делінген бір әйел ауруханаға жатудан бас тартқан. Тиісті ем-дом жасалған соң олар Өзбекстанға кері қайтып кеткен.
Жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі («көлік құралын басқаратын адамның жол ережесін немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері қалааралық жолаушылар автобусы осымен екінші рет апатқа ұшырап отыр.
18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 54 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.