Еңбек ардагерінің бетіне темекі тұқылын басып, күйдіріп тастағаны үшін Петропавл облыстық мәслихаттың депутаты, ірі шаруа қожалығының басшысы Бари Амоев сот шешімімен кінәлі деп танылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Петропавл қалалық сотында Виктор Шмаковтың арызы бойынша Б. Амоевқа қатысты қылмыстық іс қаралып, зардап шегушінің талабы қанағаттандырылды. Сотта белгілі болғандай, 20 ақпан күні сағат 17-лер шамасында В. Шмаков жеке көлігімен «Биғайша» сауда үйі маңында жұбайын күтіп тұрады. Осы мезетте оның жанына Toyota Land Cruiser көлігі келіп тоқтайды. Алдыңғы кабинада отырған Б. Амоев оны көрісімен жөн-жосықсыз дүрсе қоя беріп, балағаттай жөнеледі. Сірә, ішімдіктің қызуы бұрынғы бас араздығын есіне түсіріп жіберсе керек.
Ол мұнымен тоқталмай; жәбірленушінің қасына келіп, темекінің шоғын ардагердің бетіне басады. Сот үкімімен облыстық мәслихаттың депутаты, шаруашылық жетекшісі ҚР Қылмыстық Кодексінің 108-ші (адам денсаулығына қасақана түрде жеңіл зардап келтіру) және 131-ші баптары (өзгенің ар-намысын қорлау) бойынша айыпты деп танылды. Және бұл іс-әрекеті үшін 198 200 теңге айыппұл төлеп, жәбірленушінің пайдасына 100 мың теңге өндірілетін болды. Сот үкімімен келіспеген Бари Амоев аппеляциялық сотқа жүгінбек.