Қостанай облысында төрт түліктің себепсіз өлімі көбейді. Жергілікті тұрғындар малдардың өлуі мен жақында жаппай қырылған ақбөкендердің арасында байланыс бар ма деп алаңдайды. Өйткені 20 үйлі ауылда 55 сиыр мен 16 жылқы қырылған.
Соңғы екі аптада мал өлімі тым жиілеп кеткен. Көлқамыс бөлімшесінің өзінде 21 мамырдан бері шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарды қоса есептегенде, 55 бас ірі қара, 16 жылқы өлген. Снымен қатар, Кеңес, Аралбай, Көкалат, Қарақоға, Милісай елді мекендерінде де шығын көп. Шаруалар белгісіз аурудың кесірінен биылғы алған төлінің жартысынан айырылған. Қазір ветеринар мамандар себебі нақты анықталмаса да, малға құтыру және пастерелез дертіне қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Торғай тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Халықтың мазасыздануы да бекер емес, өйткені Албарбөгет селолық округі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына іргелес, киіктер жаппай қырылған жерге жақын орналасқан. Ал екі апта бұрын Жангелдин аумағында 50 мыңға жуық киік қырылған болатын. Айта кету керек, өліп жатқан малдардың ішінде Сыбаға бағдарламасы арқылы алынған ірі-қаралар да бар. Әзірге тұрғындар аурудан аман. Алайда ветеринарлар малға тиген құтырма індеті болса оның адамға да жұғуы мүмкін екендігін айтады.