Шымкентте балмұздақтан уланғандар саны 190-ға жуықтады деп мәлімдеді Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.
Шымкентте департаментте өткен брифингте Нышанов соңғы мәлімет бойынша 188 (101 ересек, 39 бала мен 48 жасөспірім) адам балмұздақ жеп, уланғанын айтып ауруханаға келгенін хабарлады. 188-дің 99-ы үйіне қайтарылып, 88-і ауруханаға жатқызылды.
Нұрбек Нышановтың сөзінше, Шымкентте Республика алаңындағы "Южный" кафесінің жанында орналасқан балмұздақ сататын дүңгіршек иесі департаментке жұмыс істей бастағаны туралы хабарламаған.
- Заң бойынша, ол дүңгіршектің иесі жұмыс бастағаны туралы бізге хабарлауы тиіс еді. Бірақ ол бізге хабарламаған. Біз оның жұмыс істеп жатқанын білмегендіктен, тексере алмадық. Қазір дүңгіршек иесінің үстінен іс қозғалды. Дүңгіршек сот шешімі бойынша жұмысын уақытша тоқтатты, - деді Нұрбек Нышанов.
Департамент басшысының айтуынша, балмұздақ дүңгіршегі "эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысан" санатында болғандықтан, департамент заң бойынша оны жоспардан тыс тексере алмайды.
Нұрбек Нышанов жаппай улану оқиғасына байланысты қазір облыста тез бұзылатын өнім тағам сататын дүңгіршектер анықталып, тексеріліп жатқанын айтты.
Дереккөз: Азаттық