Бішкекте педофилдік әрекет жасады деген күдікпен ер азамат қолға түсті. Ол «Көк Жар» шағынауданында 2-сынып оқушысын зорламақ болған көрінеді. Бұл туралы Kaktus.media порталы жазған.
Полицейлердің айтуынша, еркек кішкентай қызды ата-анасына ақша беремін деп алдап шақырып алған екен. Сөйтіп оқушыны адам аз жүретін жерге апарып, зорламақ болыпты. Бірақ, қыздың жанұшыра айқайлаған дауысын жақын маңда жүрген тұрғындар естіп қалып, күдіктіні үркітіп жіберген.
Болған жағдайды қыз әке-шешесіне айтқаннан кейін олар дереу полицияға хабар беріпті. Бірақ, қыздарының аман-есен екеніне көздері жеткеннен кейін педофилдің үстінен арыз жазбайтындарын айтқан. Соған қарамастан тәртіп сақшылары күдіктіні іздеп жатыр.