14.06.2015, 18:00

«КazEOSat-1» Қазақстанның меншігіне өтті

kaz.tengrinews.kz

Францияның Тулуза қаласында штаттық пайдалану үшін «КazEOSat-1» Жерді қашықтықтан зондтау (бұдан әрі - ЖҚЗ) ғарыш аппаратының ресми қабылдауы болды.

Бұл туралы Қазғарыштың баспасөз қызметі хабарлады. 

Тулузада дайындаушы компания (Airbus Defence and Space француз компаниясы) тапсырыс беруші - қазақстандық «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға жоғары қабілетті ЖҚЗ ғарыш жүйесін меншікке беру құқығы сертификатына қол қойылды.

Сертификат меншік құқығына көшуге мүмкіндік береді және штаттық пайдалану үшін қабылдауды түпкілікті актіге қол қойылған күннен бастап, Қазақстан Республикасының ЖҚЗ ғарыш жүйесінің спутнигі мен жерүсті инфрақұрылымын сақтандыру шарты күшіне енеді.

Қазақстандық «КazEOSat-1» спутнигі Франциядағы Гвианадағы «Куру» ғарыш айлағынан 2014 жылдың 30 сәуірінде еуропалық «Вега» тасымалдағыш зымаранымен ұшырылған болатын. Жоғары кеңістіктік қабілеті панхроматикалық режимде 1 метр және мультиспектрлық режимде 4 метр болатын ғарыш аппаратының көрінетін, әрі жақын инфрақызыл диапазондағы мультиспектрлық арналары бар.

Меншік құқығын алғаннан кейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ өзінің активтерін ұлғайтады және «КazEOSat-1» спутнигін коммерциялық пайдалануға кіріседі.

Қазақстан Республикасының өзіндік ЖҚЗ ғарыш жүйесінің пайда болуы ғарыштық мониторингілеу және болжау саласындағы ең алдыңғы тәжірибені пайдалану мүмкіндігіне ие болады. «КazEOSat-2» спутнигі ЖҚЗ қызметтерінің толық спектрлерін ұсынуға, Қазақстан Республикасының аумағында түсірілімдер алуға, сондай-ақ табиғи апаттардың алдын алуға, жер кадастрын жүргізуге, еліміздің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін картографиялау, Жердің басқа да учаскелерін мониторингілеу мақсатына бағытталған.