Адамзат қоғамының дамуында энергияның алатын орны ерекше. Бүгінгі өмірді онсыз елестету тіпті мүмкін емес. Энергетика – жарық пен жылудың көзі, қай елдің болмасын тыныс-тіршілігінің, өсіп-өркендеуінің негізі.
Электр энергиясын өндіруде соңғы жарты ғасырдан бері дәстүрлі қуат көздерімен қатар атом энергиясы да пайдаланылып келеді. Бүгінде ол энергетиканың дәстүрлі саласына айналды. Әлемнің көптеген елдерінде электр қуатын атом электр станцияларында өндіру үлесі айтарлықтай. 2011 жылғы деректерге сүйенсек, дүниежүзінде жалпы алғанда орасан көлемде – 374 332 МВт қуат өндіретін 450-ден астам ядролық реактор бар екен. Алайда осыншалық жарық пен жылу көзіне ие болып отырған елдер саны саусақпен санарлықтай. Ол негізінен ядролық реакторлар санына қарай айқындалған алғашқы ондықта орналасқан елдердің иелігінде. Ядролық қуаттар жөнінен әлемдік көшбасшы АҚШ болғанмен, бұл елде ядролық энергетика жалпы көлемнің 20 пайызын ғана құрайды. Ал өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі үлесі бойынша – 74 пайыз, ядролық энергетика ұлттық басымдық болып саналатын Франция көш басында келеді (ядролық қуаттар бойынша екінші орында). Бұдан кейінгі орындарда Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан, Канада, Қытай, Ұлыбритания және Украина тұр. Бұған тоқталып отырғанымыз, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта кеңінен пайдалануға қол жеткізген елдер негізінен дамыған мемлекеттер. Яғни бейбіт атомды тиімді пайдалану елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне жол ашар мүмкіндіктің бірі деуге болады. Осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, елімізде атом электр станциясын салу туралы көптен бері бірде көтеріліп, бірде басылып, айтылып келе жатқан мәселенің өзектілігі арта түседі. Бұл мәселе ортаға түскелі қоғамдық пікір екіге жарылды, қарсылар қаупін айтып, жақтаушылар өз деректерін алға тартуда. Три-майл-айленд, Чернобыль, Фукусима – бұл жәй ғана жердің атауы емес, әлемдегі аса ірі апаттар орын алған атом электр станциялары орналасқан мекендер. Осынау апаттар қасіреті, ядролық радиацияның әсері, оның зардаптары мен салдары әлемдік қауымдастықтың бейбіт атомға қатынасын өзгертті, әлем елдерінің кейбірінде АЭС-тар саны азайды, керісінше кейбірінде көбейді. Ядролық энергетиканы пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесіне деген көзқарасты өзгертті. Алайда адамзат баласы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудан бас тартқан жоқ. Бұл атом индустриясының келешегіне көз жүгіртуден туған сенім болса керек. Иә, адамзат қоғамының даму барысында электр қуатына қажеттіліктің арта
беретіндігі сөзсіз. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттерде энергетикалық тәуелсіздікке деген сұраныс жоғары болып тұрған және көмірқышқыл газының көптеп бөлінуі әлем жұртшылығын алаңдатып отырған бүгінгі жаһандық жылымық жағдайында АЭС-тардың әлемдік экономикадағы маңызы арта түспесе, кемімек емес.
Сондықтан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалыптасқан мемлекеттің жаңа дәуірдегі даму бағытын айқындап берген «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілгендей, елімізде бейбіт атомды дамытуға маңыз берілді. Бұл тұрғыдағы басты мәселе – қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етуге барынша күш салу. Чернобыль АЭС-ындағы техногендік үлкен апаттан кейін араға 25 жыл салып, 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияның «Фукусима – 1» атом электр станциясында орын алған қайғылы жағдай бүгін де әлем алдында ядролық энергетиканы дамытуда, атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесінің өткір тұрғандығын көрсетеді. Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі Киев саммитінде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Асырып айтқандық емес, Чернобыль апаты бүкіл әлемді атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесімен шындап айналысуға мәжбүр еткен әрекеттің бастауына айналды. Чернобыль апатын жоюға жүз мыңдаған адам қатысты, олардың арасында 32 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істеді. Олардың көбі денсаулықтарынан айырылды, біразы өмірімен қоштасты. Чернобыль қасіреті ядролық радиация әсерінің жағымсыз салдарларын естіп-білген қазақстандықтар арасында әлі күнге дейін ауыр қабылданады. Қазақстан жерінде әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигоны әрекет еткен. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы онда 456 ядролық жарылыс жасалды, бұл 116 Чернобыль апатының зардабына тең. Әлемдік қоғамдастық осы қорқынышты трагедияға әлі күнге дейін бағасын берген жоқ. Бұл сынақтардың салдарлары әлі де ұзақ уақыт сезілетін болады», – деп атом қаупіне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударған болатын.
Елбасы атап өткендей, жапондық «Фукусима – 1» АЭС-індегі төтенше жағдай атом энергетикасын дамыту саласында жаһандық тәуекелдерді басқарудың жалпыпланеталық тетіктері тапшы екенін айқын көрсетті. Сондықтан АЭС құрылысының алдағы жоспарында принципті түрде жаңа көзқарастар қажет. «Бұл әсіресе осы салада бұл уақытқа дейін тәжірибесі болмаған, атом энергиясын дамыту ниетіндегі елдер ескеру үшін керек.
Үстіміздегі ғасырдың ортасында әлемнің 50-ге жуық елі атом станцияларын орналастыруды ойластыруда. Кез келген АЭС-тегі ядролық апаттың жағымсыз салдарлары міндетті түрде трансшекаралық өлшемдерге ие болады. Осыған байланысты АЭС-тің және өзге азаматтық атомдық нысандардың қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасының бірі ретінде танылуы керек. Атом энергиясы нысандары қауіпсіздігінің бірыңғай, қатаң және халықаралық деңгейде мойындалған стандарттары мен белгілерін жасап шығару керек, олар қатаң түрде сақталмаған жағдайда әлемдегі бірде-бір АЭС пайдалануға берілмеуі тиіс, – деп атап көрсетті Елбасы. – АЭС пайдаланушы мемлекеттер мен компанияларды толық көлемде өз халқын және халықаралық қоғамдастықты кез келген, тіпті өздерінің ядролық нысандарындағы ең елеусіз оқиға туралы тез арада хабардар етуге міндеттеу қажет. Осы заңды талапты бұзған жағдайда қатаң санкция қарастыру керек. Атом энергетикасын дамытушы елдің үкіметі өзге мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне және жаһандық экологияға нұқсан келтіргені үшін толық жауапкершілікті алуға дайын болулары керек». Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан атом энергетикасын дамытуға мың ойланып, жүз толғанып барып қадам басуда. Бүгінде еліміз уран кенін өндіруден әлем бойынша бірінші орында. Реакторларды пайдалануда, тәжірибелік ядролық физика саласында, ғылыми зерттеулер мен іс жүзінде де біршама тәжірибе бар. Елімізде атом өнеркәсібін одан әрі дамыта отырып, уран өндіруден ядролық отын әзірлеуге дейін толық өндірістік тізбекті қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ радиоактивті материалдардың заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет етуші және атом энергиясын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді мемлекеттік жүйесі жұмыс істейді. Биыл Парламент Мәжілісінде қаралған «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасының да негізгі өзегі – осы қауіпсіздік шараларын күшейту болды. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев атап өткендей, заң жобасының басты мақсаты – атом энергиясын заманауи деңгейде бейбіт пайдалану кезінде ратификацияланған халықаралық құжаттардың талаптарын орындау, халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаны тиімді қорғау. Заң жобасы ядролық, радиациялық және электрлі-физикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және істен шығару кезінде қауіпсіздік қағидаттары мен негізгі талаптарды айқын белгілеуге бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасында ядролық және радиациялық апаттарға дайындық жағдайлары да қарастырылған.
Сонымен атом электр станциясын салу бізге қажет пе деген мәселеге қазіргі уақытта нүкте қойылды деуге болады. 26 қаңтардағы үкімет сағатында энергетика министрі Владимир Школьник мәлімдегендей, қазіргі күні АЭС құрылысына екі алаң, бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Семей сынақ алаңының аумағынан, екіншісі – Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Үлкен ауылынан айқындалып отыр. «Бұл екі алаң энергетикалық теңгерімділік пен келешекте атом қуатын тасымалдауды дамыту тұрғысынан пайдалы делініп отыр, – деп түсіндірді В.Школьник. – Соның ішінде, Семей полигонында орналасатын стансаның бірі ресейлік өндірістен болуы да әбден ықтимал, ал балқаштық алаңға келсек, онда бүкіл әлемде жасалып жатқан жобалардың бәрі де талқылану үстінде. Соның ең озығы таңдалады. Шешім шыққан жоқ, дегенмен біз перспективалы станса ретінде жапондық «Toshiba Westinghouse» компаниясын қарастырып отырмыз». АЭС-тың әрбір блогын салу құрылымына қарай 3-4 млрд доллардың шамасында болуы мүмкін. Ал, екінші АЭС салу мүмкіндігіне келсек, бұл электр тұтыну нарығына, экономиканың өсіміне, қосымша энергияны экспорттау мүмкіндіктеріне байланысты. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясында құрылатын бірыңғай энергетикалық кеңістікте жағдай қалай болатындығына да байланысты. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі жаһандық экономикада қалыптасқан ахуалға орай АЭС құрылысының мерзімі кейінге шегерілуі де ықтимал. Дегенмен, АЭС салуға әзірлік жұмыстарының қарқыны жаман емес. Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте В.Школьник елімізде атом электр станциясын салуға Жапонияның Toshiba Westinghouse компаниясы тартылуы мүмкiн екенін айтты. Үкiметте Канада, АҚШ, Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстiк Корея сынды елдерден келген барлық үмiткерлердің жобалары талқыланған. Осыған орай «Бiз көптеген жобаларды қарап шықтық және көп ұзамай үкiметке олардың сипаттамаларын көрсетiп, қандай стансаға тоқталуға болатынын баяндаймыз. Әлеуетi жоғары реакторлардың бiрi Toshiba Westinghouse компаниясының AP-1000 қондырғысы болып отыр. Бiз ол компанияның 10 пайыз акциясын иеленемiз. Станцияларды таңдау барысында бiз бұл нұсқаны егжей-тегжейлi қарайтын боламыз», – деді ол. Алайда министрдің бұл мәлімдемесі Қазақстанда атом электр станциясын салуға міндетті түрде Toshiba компаниясы таңдалып алынатындығын білдірмейді. Атом индустриясы дамыған алғашқы ондықтағы өзге де елдердің компаниялары ұсынған қауiпсiз әрi арзан жобалар жетерлiк. Ең бастысы, жоғарыда аталған Киев саммитіндегі Елбасының сөзімен айтсақ, «біз өзіміздің немерелеріміз бен шөберелеріміз қазіргі уақытта билік
басындағы және бизнестегілердің жіберген қателіктері үшін жауап бер-мейтіндей» таңдау жасауымыз керек.