$ 498.34  519.72  4.85

ҒАСЫР СӘЙГҮЛІГІ – ЕЭО

Көптен күтілген халықаралық ауқымдағы экономикалық құрылым - ЕЭО-тың тұсауы өткен мамыр айында біздің еліміздің Елордасында кесіліп, өзінше бір үлкен сән-салтанатқа айналғанмен, оның заңды түрде өмірге жолдама алар алдындағы ұзақ мерзімдік сапарына сәттіліктер өзімізбен көршілес жатқан Мәскеудің төрінде айтылды. Бұл жерде неге бұлай деп аса көп таңырқаудың да қажеті шамалы. Өйткені, оның бір үлкен символдық мәні тағы бар.

Еуразиялық Идеяның алғаш біздің Елбасымыздың тарапынан осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Мәскеуде жария етіліп, соның артынша-ақ өзге елдер тарапыпан үлкен қолдауға ие болғандығы мен ендігі жерде Еуразиялық аймақтағы өмір жолы, тіршілік жолы, достық жолы, татулық жолы, ынтымақ пен бірлік жолы, тұрақты қарым-қатынас, сауда жолы, бауырластық жолы, келешекке кепілдік жолы болғалы отырған бүгінгі ЕЭО-тың әу бастағы біздің Елбасымыз ұсынған идея ауқымында өмірге қадам басқалы отырғандығы да тәуелсіздік дәуіріндегі еларалық және өңіраралық қатынастар кезінде әбден сыналған ұлы көршіміздің астаналық қаласымен тікелей байланысты еді. Еуразиялық идеяның атасы кім екендігі, қай ел екендігі кеше ғана Мәскеуде тағы да еске алынды. Тағы да біздің тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен өз тәуелсіздігінің тұғырын биіктетіп, уақыт озған сайын, экономикалық үрдісті дамуға батыл қадамдар жасап отырған еліміздің аты ЕЭО-қа мүше елдер басшыларының тарапынан аса бір құрмет сезімімен әлденеше рет аталынып өтілді. Дегенмен, дәл сол кезде дәл осылай болатындай жөні де жоқ емес-ті.

Дәл осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, қоғамда «алдағы ұзақ мерзімдік бағыттарды белгілеп, сол үшін ертеңді-кешке дейін бас ауырта бергенше, бүгінгіні көбірек ойласақшы, күнделікті өмірде қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болса, басқасы қайда қаша қояр дейсің?» дегендей бағыттағы әңгімелердің талай рет көлденең тартылғандығы әліге дейін есімізде. Жасыратын несі бар, көптеген күрделі әңгімелер де болды ғой сонда. Әсіресе, қаншама алысты-жақынды шетелдерден келген инвесторлармен әңгімелесіп, өзара ортақ бір келісімге келер-келместен-ақ алып ұшып, билік басында отырған азаматтарымыздың бірден сонау алыстағы мұнай-газ кеніштеріне дейін сапар шегіп, әлгі бізді өздерінің көп білетіндіктері мен іскеріліктеріне осыншама сендіріп-ақ баққандардың түптің-түбінде ел мүддесіне кереметтей бір пайдасы бола ма, жоқ, әлде баяғыдағы Қожанасыр айтпақшы, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының кері болып жүрер ме екен?» - деп ойлап, ашық аспандай жазық маңдайларын жіпсіткен ыстық термен бірге, арқаларынан суық тердің қатар саулағандықтарын да естен шығаруға болмас. Бірақ, қазір байқап

отырсақ, тарихтың арғы-бергі дәуірлерінде тағдырдың небір тәлкегіне ұшырап, арада жүз, не екі жүз жылдан астам уақыт өткен соң, өзінің тәуелсіздігін алып, бостандық пен еркіндіктен қаралай бастары айналып, айналасындағылардан біржола баз кешіп, тек бірыңғай томағатұйық өмір сүрумен болған мемлекеттер мен өздерімен туыстас, не бар-жоғы көршілес бір-ер ауқатты елдермен ғана достық қарым-қатынас жасап, ал, басқасына есікті біржола жауып қойғандары да болыпты. Осыған ұқсас жағдайдың кешегі КСРО ыдырап, бұрынғы одақтас республикалар өз алдарына тәуелсіз елдер болып кеткенде де көрініс беріп қалғандығын өздеріміз де көрдік қой. Ал, біздің еліміз өзінің тарихи тәуелсіздігін алғаш тиісінше құрақұша қарсылап ала отырып, бірақ, өзі тап ондай менмендік пен көрсоқырлыққа бара қоймады. Бүгінде жиырма жылдан астам тарихы бар тәуелсіздік шежіресіне қайтара бір үңіліп қарар болсақ, біз өз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзіміз кешегі кеңестік қоқыстардың арасынан әлі арылып бола алмай жатсақ та, ең алғаш елдің рухын көтеріп, елімізді аяғынан тік тұрғызудың алғашқы бір шарасын бұрынғы өткендерімізді, тәуелсіздік жолында қан кешіп жүріп, жан қиған батырларымыз бен билерімізді, қандайма қиын замандарда да өз туған халқын өздерінің соңдарынан ерте алған тағы қаншама даналарымызды еске алып, солардың жүріп өткен тарихи жолдары, солардың өздерінің соңдарына қалдырып кеткен ұлы өсиеттері мен асыл арман-тілектерін қайта жаңғырту, яғни, бүгінгі тәуелсіз ел тұрғындарының рухына рух қосып, өресін биіктетуден бастағандығымызды көрер едік. Түптеп келгенде, біздің еліміздің алдындағы Стратегиялық бағыттарының өзі де сол бұрынғы өткен тарихи жолдарымыз бен бұрынғы өткен дана бабаларымыздың өзімізге өсиет етіп кеткен өнегесі мен тарихи жолдарын еске алып, қайтара бір сараптаудан басталмағандығына кім кепіл?! «Стратегия дегеніміз қайдағы бір қияндағы нәрсе ғой, оған дейін әлі кім бар, кім жоқ» деп даурығысатындарға осының өзі де үлкен бір сабақ емес пе?! Кейде «біз туралы кім не деп, елімізге қатысты өзге елдегілер не айтып, не жазып жатыр» деп қарайтын болсақ, көп ретте Батысы мен Шығысы керек пе, Жер шарының Оңтүстігі мен Солтүстігі керек пе, біледі, біліп айтады, көрген соң, түйген соң айтып жатыр-ау дейтіндердің бәрі де біздің еліміздің тек бір алып Еуразиялық аймақта, не алып Қытай мен Ресейдің екі аралығында, болмаса, Оңтүстігі мен Солтүстігіне де тап онша «жатбауыр» еместігіне емес, еліміздің алдына қойған, қойғанда да, кеше, не бүгін ғана емес, сонау тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ осындай бағытты берік ұстанып, тәуелсіздік тұғырымен бірге, елдің басты Стратегиялық бағыттарына киелі ұғымдай қарап, өзінің сол басты бағыттарын үнемі алақанға салып, әлпештеп келе жатқандығына қызығатын сияқты ма, қалай?! Солай екендігі де жасырын емес, өйткені, бүгінде елімізге танымал көптеген алып елдер, соның ішінде,

үнемі табыстан табысқа жетіп, халқының да, мемлекетінің де мерейін тасытып келе жатқан Қытай, Малайзия және Түркия ұзақ мерзімдік бағыттар бойынша ғана жұмыс істеуде. Бірақ, біздің елдің Стратегиялық бағыттары өзгелері сөйтіп жатыр екен деп, өзгелерге еліктеу, не өзгелердің жеткен жетістіктері мен биіктеріне дейін бір серпіліп, жетіп қалу мақсаты емес, елдік даму мен елдік мұраттарымыздың рухынан туындап, қолдағы бар мүмкіндіктерімізді ұқсата білуден, қала берді, жаһандық үрдісті дамуға белсене араласа отырып, еліміздің еңсесін биіктетіп, алдағы жаһандық экономикалық бәсекелердің кезінде өзгелердің көлеңкесінде қалып қоймай, әрдайым өзгелермен иық түйістіріп, қатар жүруге деген талпыныстан туындап жатқандығын ешкім жоққа шығар алмас. Өзгелерді былай қойғанда, еліміздің қарапайым тұрғындарына дейін ең алғашқы ұзақ мерзімдік «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағыттарымыздың қапелімде көз жетіп, қолға ұстатпастай арманға толы болып көрінген баптары мен басты-басты деген тармақ-тарауларының алғашқы онжылдықтың ішінде-ақ орындалып, ел ырысы мен игілігі болып, ел алдына тосылғандығына дейін көрді емес пе? Үнемі өз сөздерінде елдің басты Стратегиялық бағыттарын алға тосып, бізді алдағы көп қиындықтардан құтқарып, көптеген жақсылықтарға бір жеткізсе, осы өзіміз ел-жұрт болып қабылдаған Стратегиялық даму бағыттарымыз жеткізеді деп, соны қарапайым тілмен дәлелдеуден еш жалықпаған тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Елбасылық, көшбасшылық алымдылығы мен көрегендігі дәл осы жерден тағы да анық-айқын көзге түсіп отыр. Елбасымыз өзінің елдік мұраттар мен басты Стратегиялықбағыттарына қатысты ұлағатты сөздерін осыдан аз ғана уақыт бұрын, ел халқына Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуына арналған Стратегиялық бағытын ұсынғанда да жан-жақты айтқан болатын. Сондағы Жаңа Стратегиялық бағыт бойынша, елдің дамуы мен жақсы өмір сүріп, бай-бақуатты тұрмыс кешуі тек 2050 жылы, не одан кейінгі жылдарда ғана емес, соған жету жолындағы әрбір кезең, әрбір жылда да көрініс берері, не өзінің нақты бір жетістіктерін беріп отыратындығы хақындағы ойлары халықтың көкейіне біршама қонымды, көңіліне бұрынғыдан да ыстық тартып кеткендігі тағы рас.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары