$ 498.34  519.72  4.85

Ел мұраты - Мәңгілік ел

Баяғы көне дәуірлердегі бәсіміз асып, байлығымыз тасыған Ғұн империясының кезінде ел басқарған көсемдеріміз дәл бүгінгідей болмағанмен, алға ұзақ мерзімдік даму бағыттарын қоя білгендігіне тарихтың өзі куә. Бір таң қаларлығы, Таныкөк бабамыз ел басқарған ежелгі Ғұн дәуірінде халқымыз аспандағы айға емес, қарапайым халықтың тұрмысы мен байлық-берекесі, алдағы ұлы болашағына қарай көбірек ұмтылып, сол үшін көбірек қам жеумен ғана болыпты.

Сол Ғұн дәуірінде де халқымыз Тынық мұхиты мен Қара теңіздің жағалауларын еш жатсынбай, сол маңайдағы елдермен қоян-қолтық араласып, ал, елдегі басты даму бағыттарын сауда-саттық, тағы басқа экономикалық бағыттармен айқындап, бүгінде біз географиялық жағынан да, геосаяси жағынан да Еуразия деп атайтын алып құрылықтың аумағын тұтастай қамтып жатқан алып экономикалық кеңістіктен көп үміт күткендіктері де бүгінге дейін жетіп отырған рухани мұралардан анық байқалып отыр. Сол дана Тоныкөк бабамыз бүгінгі заманның алып дастаны,не ұлы эпопеясына татырлық «Ел мұраты - Мәңгілік ел» деген елдік мұратты мәңгілік сақталатын мәрмәр тасқа қашап жаздыртқанда, оның басты негіздерінің тұпқазығы да ел экономикасы мен экономикалық дамудың үздіксіз жосықтарына барып тіреліп жатқан жоқ па? Бүгінге дейінгі жеткен ғұн заманындағы өрісті өмірге қатысты қандайма ғылыми, не танымдық-тарихи еңбектерді алып қарасаң да, ғұн заманындағы Батыс пен Шығыстың мидай араласып, өзара алыс-беріс, тағы басқа сауда-саттық жасау мақсатымен Күнбатыс пен Күншығыстың аралығында ерсілі-қарсылы ағылып жатқан сауда керуендерін көріп, сондағы ұзақжүріс көріп, күнге қақсыған алып доңғалақтары қаңғалақтап, ен даланы жаңғырықтыра кетіп бара жатқандықтарын көз алдыңа дейін елестеткендей боласың. Ұлы Жібек Жолы деген адамзаттың ұлы тіршілік өзегі сол заманда да қызу өмір сүріп, Батыс пен Шығыстың арасын айқұшақтандырып жатыпты. Соған қарағанда, сол замандағы Ұлы Жібек Жолы тек бірыңғай сауда жолы, өмір жолы ғана емес, барша Жер шарының арасындағы тепе-теңдік мен бейбітшілікті һәм бүгінде біздің елдің елдік мұраттары тілімен айтқанда, ынтымақ пен бірлікті де қамтамасыз етіп тұрғандайдеп тұжырымдауға болар еді. Бүтіндей азамзаттың даму тарихын дәл тарихтың атасы Геродаттай білмесек те, Ұлы Жібек Жолының басындағы бағы тайып, берекесі кеткен тұстан-ақ бүтіндей барша адамзаттың да басынан бағы тайып, көп елдер мен көп халықтардың бақыт құсы өздерінің алақандарынан пыр-пырлап ұшып кеткендіктерін байқау еш қиындық туғыза қоймас. Бірақ, сол Ұлы Жібек Жолы дегенді бірыңғай бағытта түсініп, көп ретте соның бүгінгі дәуірде қайта жаңғырып, қайта жандануынан кәдімгідей қауіптеніп, жатсына қарайтындар да жоқ емес. Ұлы Жібек Жолы дегенде, бірден өздерінің көз алдарына алып

Қытайды ғана елестетіп, соған қаралай шошына қарайтындар тағы баршылық. Ондайлардың тарихтағы Ұлы Жібек Жолының тек бірыңғай Батыс пен Шығысқа ғана емес, Терістік пен Арқаға қарай да ұбап-шұбап жатқандығы мен Ұлы Жібек Жолының өз жолындағы елдер, мемлекеттер, халықтар және ұлт-ұлыстармен, сондағы саудаға, елдік даму мен бай-бақуатты тұрмыс кешіп, өзгелермен тату-тәтті көршілік хақын сақтай отырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатқандығында да еш шаруалары жоқ. Ұлы Жібек Жолы алғаш рет әлемде су жолы ашылып, содан былай қарай елдер мен халықтар бұрынғы сауда-саттықтарының бәрін еш қиналмай-ақ теңіздер мен мұхиттар арқылы ғана қатынасып жасайтын болды дегенмен, Ұлы Жібек Жолының ұлы рухы мен күретамыры орта ғасырдағы Алтын Орда империясы, бертінгі Қазақ хандығы дәуіріне дейін де сақталып келгендігін кім жоққа шығарар?! Асылы, келер жылы Елбасының жарлығы бойынша ел-жұрт болып, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағанда да, сондағы биік мінберлерден осы туралы әбден-ақөзінің жеріне дейін жеткізіліп айтылатын шығар!

Рас, бүгінде алып Еуразия туралы көп айтылады. Білетіндер, онда да тарихқа, ғылымға, ілім-білімге көбірек сүйенетіндер осы алып аймақтың сан ғасырлық шежіресін бүге-шігесіне дейін ақтарып, биографиясы мен географиясын сапырғанда, қапелімде өздерінің алдарына жан салмайды. Бірақ, сол Еуразия Еуразия болғалы бері (Еуразия деген құрылықтың аты да «Әлем картасына» тек бергі дәуірлерде ған қосылды емес пе?!- С.Х.) оның абыройын асырып, маңдайын жарқыратқандар біздің бұрынғы өткен бабаларымыз екендігі жаңа дәуірде жаңа бір деректермен дәлелденіп жатқандығын тағы қайда қоямыз?! Рас, кезінде «Еуразия дегеніміз - біз» дегендер де болыпты. Сірә, кешегі келмеске кеткен Кеңестер Одағының ұдайы шовинистік пиғылдан арыла алмай, аз ұлттарды шетке тебумен келгендігінің бір сыры осында жатса керек. Ал, түптеп келгенде, алып Еуразия да заманындағы Ұлы Жібек Жолы сынды тек оның бастауы ғана емес, жолындағы, өтіндегі, ең бір шұрайлы деген жерлеріндегі елдер мен халықтардың арқасында ғана алып құрылыққа айналып, бойына қан жүгіре бастағандығында демагогияға көбірек бой алдырғандардың еш шаруасы болмады. Тек сол қыспағы көп Кеңестік империя ыдырап, бұрынғы бір орталыққа, бір билікке ғана бағынышты болып келген елдер енді ептеп өздерінің естерін жинап, өз-өздеріне келген кезде ғана шын мәніндегі Еуразияның бағын жандырғандар мен оның күретамырының өнбойындағы өміршеңдігін танытып отырғандар өз-өзінен-ақ белгілі бола бастады. Рас, бұл жерде де «бүгінгі Еуразияның иесі – біз» дегісі келгендер болмай қалған жоқ. Бірақ, ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ Ұлы Жібек Жолының бойындағы күретамырындай-ақ болып, талай ондаған қалалары мен ауылдары сол ұлы

сауда жолының арқасында өркен жайып, өркенді дамуға бағыт алған Қазақ елінің бүгінгі мұрагерлерінің дауысы бәрінен де айқынырақ естілді. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі лекциясы кезінде талай жылдар тұрмақ, талайғы ғасырларға дейін созылып келген Еуразия туралы бір жақты ұғымдардың тамырына балта шауып, өзінің Еуразиялық идеясын ұсынғанда, оған сол алып Ресейдің талай ұлыларын өмірге қанат қақтырған киелі шаңырағындағы білімпаздар тұрмақ, одан кейінгі мәселені кең пішіп, кең тұрғыда талқылаған шақтарында, Еуразиялық аймақтағы ешбір елдің Елбасы, үкімет басшысы, ешбір халық қалаулысы мен ғұлама-ғалымдары да анаукерім қарсылық көрсетіп, ешқайда бұра тарта алмады. Орнықты сөз, орнықты идея өзінің орнын тауып, тарихтағы тұғырлы белесіне қарай көтеріле берді. Өйткені, біздің Елбасымыз көтерген Еуразиялық идея – әлдекімдер айтып жүргендей саяси тұғырнамасы бар идея емес, қайта тұтастай Еуразия халықтарының да мүддесін көздейтін өміршеңдігі басым идея. Әдетте ғылыми жаңалықтың да құндылығы оның өміршеңдігімен өлшеніп, бағы жанып жатпайтын ба еді. Елбасымыз ұсынған Еуразиялық идея да осындай тағдырды бастан кешті. Еуразиялық идея негізінде іле-шала Еуразиялық ендікте Кедендік Одақ құрылып, оның соңы Еуразиялық Экономикалық қауымдастыққа ұласты. Бұлардың тағы талай ондаған жылдарға дейін де созылуы мүмкін бе еді, бірақ, Елбасымыз ұсынған Еуразиялық идеяның өміршең болғандығы соншалық, Кедендік одақ пен Еуразиялық Экономикалық қауымдастық өте қысқа мерзімнің ішінде-ақ өзінің мәуелі жемісін беріп, ең басты біріктіруші, ұйыстырушы, ұйымдастырушы экономикалық тетік, интеграциялық желі – Еуразиялық Экономикалық Одақтың тезірек өмірге келіп, аяғынан тік тұруына дейін жеткізді.

ЕЭО-қа мүше елдердің басшылары кешегі күндерде Мәскеуде ЕЭО-тың алдағы санаулы күндер мен санаулы ғана сағаттардан кейін заңды түрде өмірге жолдама алуға даяр екендігін ресми түрде мәлімдегенде де, біздің Елбасымыз алғаш осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Мәскеу мемлекеттік университетінде өзінің Еуразиялық идеясын жариялап, одан Кедендік одақ, оған жалғас Еуразиялық Экономикалық қауымдастық өмірге келіп, ал, өткен мамыр айында Астанамыздың төрінде Елбасылар Путин, Лукашенко сынды әріптестерімен бірге, ЕЭО-тың тұсауын кескен кездегідей, тағы да іштей қатты толқыды. Елбасымыз сонда да өзінің қашанғыдай байсалды, сабырлы қалпымен үн қатып, ЕЭО-тан әлден-ақ үлкен үміт күтіп отырған өз елі мен Ресей, Беларуссия, Армения және Қырғызстан елдерінің

барлық тұрғындарын ЕЭО-тың шынайы өмірге жолдама алуымен шын жүректен құттықтап, өзінің ыстық лебізін білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары