$ 498.34  519.72  4.85

Балабақшадағы игі бастама

Биыл Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толды. Мемлекетіміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді орнықтырудың бірегей институты халықты бір идея, бір мақсат төңірегіне топтастыра білу жолында өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халқы ассамблеясы өз жұмысында мемлекеттік тілге де үлкен назар аударып отыр. Ассамблеяның мүшелерінің арасында белгілі қоғам қайраткерлері Асылы Осман, Розақұл Халмұрадов сынды тіл жанашырларын барша халық біледі.

Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге, үйренуге деген талабы биіктеп келе жатқаны қуантады. Солардың арасында өз балаларын қазақ балабақшасына беріп, қазақ мектептерінде оқытып жатқан отандастарымыз қаншама. Мәселен, біз Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №103 санаториялық балабақшасында болғанымызда осының куәсі болып қайтық. Бір айта кетерлігі, аталмыш балабақшада отбасында өкпенің қабынуы мен тыныс жолдарына салқын тиіп сырқаттанған балалар сауық-тырылып, тәрбиеленеді. Мұнда балалардың денсаулығын жақсарту мен сауықтыруға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бір мезгілде 120 балаға қызмет ететін санаториялық балабақшаға балалар 6 ай немесе 1 жылға келеді. Балалардың денсаулығын жақсарту барысында емдік дене шынықтыру сағаттары және сауықтыру іс-шаралары жүргізіледі. Біз балабақшамен танысу барысында денсаулығы мықты, ойын емін-еркін жеткізе алатын, музыкалық аспаптарда ойнауды да, сурет салуды да меңгерген, кітап оқып, оның мағынасына мән беретін, ең бастысы қазақ тілінде сөйлейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Жыл сайын жаңарып отыратын 6 топтағы 120 баланың ішіндегі өзге ұлт балаларының аз уақыттың ішінде қазақша сөйлеуге талаптанып, жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне қуандық. Балабақшаның негізгі бағыт-бағдары туралы әңгімелеп берген балабақша меңгерушісі Баян Сатыбалдиева: «Бізде 28 жылдық тәжірибесі бар тәрбиешілер жұмыс істейді. Балалар ата-аналармен бірге эстафеталық жарыстарға қатысады. Балабақшада көркем әдебиет, дене тәрбиесі, сурет салу, музыкалық аспаптарда ойнау сабақтарымен қатар, тіл дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қыс мезгілінде «Қысқы ойындар жарысы», «Шымыр болсын денеміз» және тағы басқа спорттық шаралар жиі өткізіледі» деді. Өз баласын мемлекеттік тілді жетік білсін деп осы балабақшаға берген Светлана есімді ата-ананы да әңгімеге тартқан едік. Ол балабақшаның қызметіне дән риза екенін, баласының осында келгелі қазақша тіл сындырып, мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп келе жатқанын атап өтті. «Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Өйткені еліміздің болашағы қазақ тілінде. Мен Елбасының осы сөзін балама әрдайым айтып отырамын» дейді Светлана. Ал Баян Сатыбалдиева өзге ұлт өкілдерінің

балалары бір-екі аптада қазақтың күнделікті тұрмыстық сөздерін үйреніп алатынын айтты. «Бізден оқып кеткен орыс балалары қазақ мектебіне барамыз дейтіні қуантады» деді ол. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне осылайша өзіндік үлес қосып жатқан балабақшаның бір күндік жұмысы расында көңіл қуантарлық жағдайда екен. Қаладағы қазақы балабақшалардан тәрбиелі һәм тәлімді ұрпақ болашаққа қадам басып жатса, ертеңіміз жарқын болары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары