$ 498.34  519.72  4.85

«Қарабұтақ – Торғай» тасжолының логистикасы

Ұшы-құйыры көрінбейтін ен далада жолдың атқаратын маңызы зор болғандығына күмән жоқ. Қасым ханның «қасқа жолы» мен Есім ханың «ескі жолы» жол салуға қатысы болмаса да, жолға байланысты дүниеге келуі, ойымызды растайды. Қазақтың «жолың болсын» мақалы да сол жол жүрудің маңыздылығын білдіреді емес пе. Қазақ даласында керуен көшу немесе кіре тарту белгілі бір бағыттағы жолмен жүріп өту арқылы іске асырылған. Бұрын Алтайдан Атырауға дейін күре жол болмаса да, әр бел асқан сайын жер бедерінің белгілері арқылы жол бағытын бағдарлап, анықтап отырған. Қазақ жеріне тасжол салу жұмысы кеңес үкіметімен бірге келді. Ірі қалалардың арасы болмаса, күні бүгінге дейін ауыл арасында көтерме қатынас жолдары жоқтың қасы. Ірі күре тасжолдар Қазақстан жерін қақ жарып тек Рессей бағытына ғана тартылған.

Егеменді ел болу қандай бақыт. Өз еліңнің жол салу және басқа да іс-шаруаларды жүзеге асыруда өз шешімің болуы, жасалатын істің «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілуі» сол жұмыстың іске асуына кепілдік. «Ханда қырық уәзірдің ақылы бар» деген халық мақалы бар. Мақал сөз ғасырлар бойы сүріліп, қыры кетіп жұмырланып, ақиқатқа айналатыны рас. Қазақ елінің басшысына да ризашылығымды білдіріп, бір-екі мақтау сөзді арнағым келіп отыр. Шындығында, мына шытырман дәуірдің, қиын да соқтықпалы-соқпақты жолында Қазақ елін дүниежүзінің ірі мемлекеттерінің қатарына қосу, осы ұлы адамның қолынан ғана келетін іс. Қазақ елінің аты бүкіл әлемге асқақтап тұрғанда, Көк тудың желбірегенін көргендегі жүрегімнің дүрсілі соншалық, ол өз аясынан шығып кетердей халге түсемін. Қазақ елінің көршілес елдермен қандай да болса одақ құруына үрке қарайтыным да сондықтан, елімнің дамуының жолы еш мемлекеттің көмегінсіз, өзінің логикалық ойлау жолының табысы ретінде көргім келеді. Әрине, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы ағамыздың ақыл-ой кемелдігіне, мемлекет құру және орнықты ету жолындағы логистикалық қадамдарына тәнтімін.

Елбасының биылғы Жолдауы шын мәніндегі қазақ елін мәңгілікке бастайтын жолдаудың бірі деп білемін. Үйден бір қадам атап шыққан адам қалада, далада болсын, өз жүретін жолын ойлап шығады. Оның сол күнгі жолының сәттілігі ойда логикалық дұрыс құрылуына байланысты. Жол сөзінің мәні мен мағынасына сыятын әр түрлі істің бастауы, бұл ойлау жүйесінің жемісі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Нұрлы жол» жолдауының негізгі қағидаттарында елді тасжолдар арқылы біріктіру ғана емес, сонымен қатар еліміздегі әр бағытта жасалатын іргелі жобаларды іске асыру жолдары қарастырылған. Әр атқарылған істің, жобалардың, халық тұтынатын тауарға айналып, әр облыстан Астанаға қатынайтын жолдар арқылы жылдам да дер кезінде тұтынушыға жеткізілуі логистика саласының биік тұғырға көтерілуінің айғағы болады.

Шалғай елді мекендер арасында қыс-көктем, жаз-күз әудем жерді екі күн жүретін жолаушының жолын қысқартып, тез бұзылатын ауылшаруашылық өнімдерінің өз тұтынушысына дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз ететін тасжолдың салынуы ауыл шаруашылығының дамуына орасан үлес қосатындығы айқын. Логистикалық ойлау жүйесінің іске асырылуының басты көзінің бірі қаржыландыру. «Нұрлы жол» жобасында осы мәселе айқын және түпкілікті шешілген, қаржының қандай жобаға арналатыны және қаржыландыру көзі қайдан алынатыны көрсетілген. Жобаны орындау мәселесі де саласына қарай тапсырылған. Тек, «алтын көрсе періште жолдан таяр» дегендей, ел қорынан бөлінген орасан қаржы «тістегеннің аузында, ұстағаның қолында» кетіп жүрмесе деңіз. Елдің жайын емес, ең алдымен өз қалтасын ойлайтын кейбір іскерлеріміз «мол қаржыны» қай жағынан заңды түрде қармап қалу жағдайын қарастырып жатқанына күмәнім жоқ. Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауы ұлан-ғайыр қазақ елінің жолдарын біріктіруге арналған. Жолдаудың нақтылы бір жобаның іске асуына тура шапағатын тигізетіні туралы сөз қозғап көрейік. Ұлы Абайдың «болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзін басшылыққа ала отырып, сонау егемендіктің алғашқы, ел басына бақ қонған жылдары біз де егеменді елдің бір кірпіші болып қалануға талпыныс білдіргенбіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік мемлекет құрудың іргетасын қалауының алғашқы қадамы ел астанасын қазақ елінің бел ортасына көшіруі еді. Астананың Ақмола қаласына көшірлуі халық арасында әр түрлі пікірлер туғызғаны мәлім. Шығыс өңірінде тұратын халыққа астананың алыстауы ұнамады. Себебі, Алатаудың баурайындағы қысы жұмсақ, жазы жұмақ жерден кету кез-келген шенеуінікке ауыр соқты. Ал, біз үшін астананың Ақмолаға көшірілуі ұлы логикалық толғаныс жүйесінің жемісі болып көрінді, елін сүйген азаматқа Көк тудың қай өңірде желбірегені емес, мәңгілік желбірегені қажет еді. Елбасының осы шешімінің өзі – оның ойлау жүйесінің даралығы және алыстан болжау көрегендігінің айғағы, қазіргі Астана қаласының дүниеге келуі. Біз пендеміз, егеменді елдің мәңгілік болуын қалаймыз, бірақ оның мәңгілік болуының жүйелік құрылымына терең үңіле білмейміз, мүмкін ойлау қабілетіміздің шырқау шегі де осы болар, сондықтан ел болып сайлаған Елбасына, осындай жиырма үш жыл егемендіктің іргетасын нығайтып келе жатқанын ескере отырып, әрі қарай зор сенім білдіруге болады деген ойдамын.

Елбасының астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру шешіміне ырза болып, бөркімді аспанға атқан көптің бірі мен едім. Себебі, сол жылдарда солтүстіктегі көршіміздің саясаткерлері тарапынан айтылған кейбір ретсіз мәлімдемелерге іш тарта қараудың нәтижесі болатын. Осы кезде, жаңа астана мен облыстар аралығындағы жол қатынасының болмауы жаңа жолдың жобасын жасауға мәжбірледі. Осы ойдың нәтижесі Ақтөбе мен Астана арасын қосатын ең жақын да әрі логистикалық ойлау жүйесі бойынша тиімдісі 187 шақырымдық «Қарабұтақ – Торғай» тас жолын салу еді. «Қарабұтақ – Торғай» тасжолын салу жобасын ой мен толғаныстың әсерінен дүниеге келтірген маған «қожаның көңілі құрт сүйеді, көжесінің қатығы жоқты» елестетті. Қазақ елінің негізгі заңдары дүниеге келіп жатқан кез. Сол жылдарда жол салу мәселесін қиындатқан негізгі жәйт – жол құрылысы туралы заңның болмауы еді. Сонда да, ізденген жетер мұртқа қағидасын басшылыққа алып, жол салу мәселесі туралы қазақ автомобиль жолдары министрлігіне хат жібердік. Сол кездегі министр Ларичев мырзадан идея қолдауға тұрады, бірақ, іске асыру тетіктері қарастырылмаған деген, сүйіншіге бергізсіз жауап алдық. Идеямыздың дұрыстығынан қуат алған біз министрлер кабинетіне хат жазып, осы идеяны іске асырудың заңнамалық жолдарын түсіндіруді өтініп, ұшбу хат жолдадық. Тоқсаныншы жылдардағы билік басындағы жігіттердің жекелеген қарапайым адамның хатына жауап беруі, оның бастама-құлшынысын қолдауы – нағыз ел басқарушылардың ісі еді. Жобаны іске асыру үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес, сол жобаның құрылысына заңды түрде жауап беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам құру керектігін ескерте жазыпты. Осылай «Ақ жол» ашық акционерлік қоғамы дүниеге келді. Заңды тұлға түріндегі мекемені құру оңай шаруа болмай шықты, құрылуы, тіркелуі және заңды құжаттар алуы қаржы мәселесіне тірелді. Байлықты қолдағы кір деп білетін Торғай елінің азматы, ақын, бизнес майталманы, кәсіпкер «Жәнібек-Тархан» фирмасының президенті Ерболат Төлегенов ағамымызды жолықтырдым. Жобамның мән-жәйін баяндағанымда, «елімнің өркендеуі жолында неге қаржы аяйын, «Ақ жол» акционерлік қоғамының негізгі құрылтайшысы мен боламын және қаржы жағынан да көмектесемін» деп төтесінен тартты. Жобаның экономикалық жағына басшылық жасап, ой-кеңестерін ортаға салған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев ағамыз еді. Ауызын айға білеген Алматыдағы жоғары оқу орындары бірінің ректоры Кенжеғали ағамыз егеменді еліміз логистикасының дамуына қатысты жобамды көрсеткенімде, асықпай қарап шығып, өміршең екен деп, жол салуға жұмсалатын қаржыны табудың жолдарына бағыт-бағдар сілтеп берді. Өмірден алған үлкен тәжірибесі бар, тұлғалы ағамыздың жеке адамның ой-толғамына терең мән бергені мені таң қалдырды, ұлылық қанмен келеді-әу, сірә. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген мағынасы терең мақал бар. Жол салудың заңнамалық жағының да оңтайы келіп, акционерлік қоғам құрылып, қаржы мәселесі де бірыңғайланып қалған кезде, ауыр шоқ-парды белге байлаудың кезекті кезеңі келді. Өз бетіммен көтеру оңайға соқпады, бұл шындығында батпан шоқпар еді. Сол бір егемендік алған тоқсанышы жылдар егемен ел дамуындағы ауыр жылдар болса да, еліміз тәуелсіздігінің баянды болуына барынша үлес қосуға ұмытылыс білдірген азаматтар қатары қалың еді. Соның бірі М.Тыншыбаев атындағы Қазақ теміржол академиясы автокөлік жолдары кафедрасының меңгерушісі Бақытжан ағамыз бен сол кафедраның доценті Бағдат Телтаев ініміздің «Қарабұтақ – Торғай» жолының жобасын жасаудағы рөлі зор болды және айтарлықтай еңбек сіңірді. Белдегі шоқпарды көтерудің әдісін меңгердік, енді жол құрылысын бастау үшін үкіметтен ұлықсат алу кезеңі басталды. Бұл ел үкіметінің астанаға көшу жылымен тұспа-тұс келді. Жау жағадан алғанда, қасқыр етектен аладының кепін келтірмейік деп, жол салуға ұлықсат алудың жолдарын қарастыра бастадық. «Қарабұтақ – Торғай» тас жолының негізгі бөлігінің тоқсан бес пайызы Ақтөбе облысының жерінен өтетіндігі ескеріліп, Ақтөбе облысының және ауданның басшыларымен жұмысты бірлесіп істеуге кірістік. Астанаға түсетін тура жол облыс басшыларының да, аудан және ауылдық әкімдердің де көңілінен шықты. Жол салуға заңдылығымен жер бөлінді. Мемлекет «Ақ жол» акционерлік қоғамына 30 жылға жалға беретін болып келісілді. Қарар дайындалды, сала министрлерімен келісімдер жасалды, бірақ қол қойылып үлгерілмеді, кабинет басшысы ауысты, үш жылдық еңбек зая кетті. Елбасының «Нұрлы жол» атты Жолдауы өше бастаған үміт отын қайтадан жақты. Жаққанда қандай, сол тоқсаныншы жылдардағы толғаныстарға дем беріп, атының өзі де ұқсастығына ие болды. Жолдауда айтылған Астана – Ақтөбе жолы салынады дегеннің шындығына көзім жетіп, он жеті жыл бұрын орындалмай қалған жобамның тірілетіне көз жеткіздім. Ел Президенті халыққа Жолдауында айтты, орындалатына сенім мықты, тек жолдың қисаймай, бүгіліп-түзелмей, бірде шалқайып, бірде еңкеймей, күн нұрындай Ақтөбеге тура баруын қалай іске асыру керек. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Бейнеу – Шалқар темір жолының қалай түсуі жөніндегі баспасөз бетіндегі айтыстарды оқығаным бар. Сондықтан осы жол қисаймай тура түссе деген мақсатпен «Қарабұтақ – Торғай» жолының осыдан он алты жыл бұрын жасалған логистикасын ұсынамын және экономикалық тиімділігі жағынан теңдесі жоқ жоба деп білемін. Астана халықты тура магниттей тартатын қасиетке ие болды. Тура жол жоқ кезінде де, Рессей жерімен қатынады, кейінде Қостанай арқылы жүргізілген тұзақ сияқты жолмен де қатынауды жалғастыруда. Астана өте ауқымды шаруадан ұсақ-түйек шаруаға дейін мәселе шешілетін қала, тіпті Сарыарқаның төсінде алып құшағын кеңінен жайған әсем қаланы кім көргісі келмейді дейсің, әрине тартады. Ал, жыл сайын өсіп келе жатқан жол жүру ақысы және жанармайдың қымбаттауы, жол азабы сапарға шығар кез-келген жолаушыны ойлантары хақ. Қазіргі кездегі Ақтөбеден Астанаға қатынайтын күре жолдың Қостанай арқылы Астанаға дейінгі қашықтығы 1600 шақырымнан асады, ал Ақтөбеден Қарабұтақ – Торғай – Арқалық тасжолдың қашықтығы әрі кетсе 800 шақырымды құрайды, бұл орайда қай жолмен жүру тиімділігін төртінші сыныптың баласы да есептеп шығара алады. Елбасының Жолдауындағы әр облысқа салынатын тасжолдардың іргелерінде жаңа ауылдар пайда болып, тіршілік оттай қаулайды дегенді еске алсақ, өте орынды айтылған болжам. Ал «Қарабұтақ – Торғай» тасжолының іргесінде қалың халық қоныстанған, бұрын миллиондаған мал өсірген, әлі де болса отырған орнын суытпай, еңбек етіп жатқан ел бар. Сол халықтың жүз пайызы жергілікті халық, дәстүрге сай туған жерінен үдере көшпей, әліптің артын бағуда. Тек бір ғана мысал келтірейік. Осы жолға жақын Әйтеке би ауданының 5-тен 25 шақырым аралықта бұрынғы совхоз орталықтары Жабасақ, Басқұдық, Жанкелді, Ақкөл, Қызылжұлдыз және ірілі-ұсақты фермалар орналасқан. Кеңес үкіметі кезінде мен білетін Басқұдық совхозында 90 мыңнан астам қой, 2,5 мыңдай ірі қара, 3,5 мыңдай жылқы күтіліп бағылған, бұл жергілікті тұрғындардың жеке малын есепке алмағанда. Ал, жол бойындағы аты аталған совхоздардың мал басын есепке алсақ миллиондап өсіргеніне көз жеткізуге болады. Үш жылдың көлемінде 60 мың тонна етті Рессейге шығара алмай, сырттан валютаға сиыр тасыған ауыл шаруашылығы министрі мынандай мал басын көбейтуге болатындығын білсе, қуанышында шек болмасы хақ. Арзан шығынмен өндірілетін ауыл шаруашылығы малының, оның ішінде қой етін нарыққа шығару қиынға түсетіні белгілі. Осы совхоздардан жетпісінші жылдары он мың бас қой, екі жарым мың бас сиырды Орынбор қаласына дейін аяғымен жеткізген адамның бірі мен едім. Қазір ет өткізуді іске асыру аса қиындап барады деп айтқан ауыл ауыл шаруашылығы министрінің сөзін құлағым шалған. Келісемін. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін сырт мемлекетке шығару жолдарын қарастыру керек. «Қарабұтақ – Торғай» тасжолын жобалаған кезде бұл мақсатты мәселе шешілген болатын. Дүниежүзіндегі мұсылмандар саны миллиардқа жақындап қалғанынан хабардармыз. Сауд Арабиясында (Мекке) жылына бір рет өтетін үлкен қажылық және кіші қажылық әр мұсылманның құрбандық шалуын міндет етеді, әсіресе құрбандық шалуға қой малы қолайлы. Тасжол бойында өсірілген жүз мыңдаған қой малын осы түпсіз нарыққа қарай бағыттауымыз жөн-ау деген мақсатпен және мыңдаған қойды машинаға тиеп маңыратпай, пойызға тиеп шулатпай, жол бойындағы су мен азығының өзі үлкен шығынға батыру мүмкіндігін есептеп, алыс жерді жақындатын ұшақ арқылы тасымалдауды экономикалық тұрғыдан тиімді деген тоқтамға келіп, «Қарабұтақ – Торғай» тасжолының орта шенінен Тұнбабұлақ ауылының тұсынан тасжолдың енін кеңейту арқылы 5 шақырымдық ұшақ жолын орналастыру қарастырылды. Құрбан айтқа құрбандық шалу кезінде әр қойдың бағасы 30-40 мың теңгеге дейін баратындығын ескерсек, ал Меккедегі құлшылық кезінде оның бағасымен санаспайтынын пайымдасақ, пайдасын есептеу қиындыққа соқпас. «Қарабұтақ – Торғай» тасжолына кететін шығынды екі-үш жылда қайтаруға болады. Осыған орай, айта кететін мәселенің бірі мал күтетін адамдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолдарын шешуді ойластыру. Бүгінде қазақтардың психологиясында қой бағу құлдықпен тең деген пікір қалыптасып үлгерген. Сондықтан мал бағудың жаңа әдістерінің бірі – мал бағуды вахталық кезекке көшіру, қаржысын молынан төлеп, он бес күн таза ауада мал қарау демалыстан кем түспеуі керек. Қаланың кір басқан ауасынан, қырдың таза ауасымен жұмыс істеу, тұрғылықты іске айналуы тиіс. Мұнай өндірісінде май болып жұмыс жасаудан таза киініп, ат үстінде мал бағудың айырмашылығын түсіндіріп, ақы төлеу мәселесін де мұнай саласындағы жұмысшылармен теңдестірген жөн. Алыстан ойланатын ағайынға, жердегі мұнай көзі таусылатынын, ал мал өсіру халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жер бетіндегі соңғы адам дүниеден өткенше керек екендігін түсіну қиынға соқпас деп ойлаймын. Ал, болашақта мал бағу атпен ғана іске асырылады деген ойдан әлі қайтпасаңыз – қателесесіз, қолыңыздағы ұялы телефонмен бағып жүрген малыңды қаладағы жарыңа мақтанышпен көрсетіп, уақыт өте келе ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, техникамен бақылауға көшуі де мүмкін. Дүниежүзінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстанның ауыл шаруашылығын өркендету арқылы жер шарындағы 1 миллиардқа жуық адамды асыруға мүмкіншілігі бар. Бүгін менің бұл ойыма дүйім жұрт қиял тұрғысынан қарауы мүмкін, алайда оның іске асырылуы нақты жоба екендігіне тасжолдың іргесінде маңыраған қойлар ұшақпен Меккеге сапар шегіп жатқан күні көзіңізді жеткізесіз. Бүгінгі орайы келіп тұрған нарықты, жобаны дер кезінде игермесең, ертең сенен де мықты біреудің осы идеяны іске асыруы мүмкін. Осы келтірілген ойдың бәрі «Қарабұтақ – Торғай» тасжолын салу жобасымен байланыстырылып есептелген болатын. «Қарабұтақ – Торғай» тасжолын салудың және тез игерудің экономикалық тиімділігі құрылысқа қажетті жергілікті материалдардың жол бойында жеткілікті болуы және орайлы орналасуы логистикалық тұрғыдан көзге ұрып тұр. Жолдың бастау алатын жеріндегі Қарабұтақ селосының жанында тасжолға қажетті әр түрлі фракцияда өндірілетін тас карьері бар, ал оның соңғы шақырымындағы Торғай қаласында тасжол салуға қажетті тас өндіру карьері құрылысқа кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Жолға қажетті битумді тасымалдауға Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол селосындағы теміржол станциясы сұранып тұр. Осы тұрғыдан Ақтөбе мен Астананы қосатын «Қарабұтақ – Торғай» жолы ел игілігіне жарайтына сенім мол. Елбасының Жолдауының орындалуына қажетті құрал-жабдықтар қаз атым жерде тұр-ау. Жыл сайын өмірімізге жаңа сөздер мен ұғымдар кіріп, қолданысқа түсіп жатады. Сондай ұғымның бірі – логистика. Тарих төріндегі жылнамаларға үңілсек, логистика қызметі ертедегі Рим патша сарайын азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуден бастау алады екен. Ал, бүгінде логистика ұғымы жол саласына толықтай енді деуге мүмкіндігіміз бар. Қазақ елінің жерінен өтетін темір және көлік жолының барлығы логистикалық талдаудан өткен. Мысалы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолындағы жүк тасымалының өте тамаша логистикасы жасалаған, сол саланың кез-келген маманы, қай жерден, қанша уақытта, қажетті тауарды сақталуына кепілдік бере отырып, жеткізуін жүзеге асырудың жолын біледі. Тиімді логистика жасау болашақтағы жұмыстың экономикалық тиімділігіне кепілдік бере алады, ал логистикасы жасалмаған жұмыстың болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін. Осыған байланысты Ақтөбеге жүретін тура жол «Қарбұтақ – Торғай» және Ақтөбеге оралып баратын «Торғай – Ырғыз» жолдарының логистикасына көз жүгіртіп көрейік. Алдымен осы жолдарды салуға байланысты қаржы логистикасын қарастырайық. Тасжол болғандықтан шығынның жер бедеріне байланысты болатындығы белгілі. «Қарабұтақ – Торғай» жолы түсетін жол табаны жазықтық жер, міндетті көпір салуға екі немесе үш кедергіні көреміз. Бұл Қарақай өзенінің құрдымға баратын жолындағы су опырып кеткен сайлы жері және Өлкеаяқ өзенінен асуы, 187 шақырым тасжол салудағы кезесетін кедергі осы. Ал, «Торғай – Ырғыз» бағытындағы Торғайдың ірілі-ұсақты өзендерінен басқа, Нұра жеріндегі ірі және ұсақ көлшіктері көпір салу немесе айналып өту қаншама қаржыны қажет ететінін талдаусыз-ақ көз жеткізуге болады. Екінші, қашықтық мөлшері бойынша логистикалық талдау. «Қарабұтақ Торғай» жолының ұзындығы шамамен алғанда 187 шақырым, дөңгелек есеппен 200 шақырым, ал «Торғай – Ырғыздың» ұзындығы 200-ден 250 шақырым аралығында, әрі қарай Қарабұтаққа шейін тағы 200 шақырым шамасында, қай жолдың жақындығын өзіңіз есептей беріңіз. Үшінші, «Қарабұтақ – Торғай» жолы бойында халық тығыз орналасқан, ауыл шаруашылығын өркендетуге дайын 10-нан аса бұрынғы кеңес шаруа-шылығының орындарында қалған ауылдар бар. Ал, «Торғай – Ырғыз» тасжолының іргесінде Құйылыс елді мекенінен басқа 40 шақырымнан жақын бірде-бір елді мекен орналаспаған және жолдың өз құнын ақтауға қажетті ауыл шаруашылығы жобасының жоқтығы болашақта жолды ұстап және пайдалануда қомақты қаржыны қажет ететіні айқын нәрсе. Төртінші, ең маңызды мәселе, бұл жобаның табиғатқа тиетін зиянын анықтау. «Қарабұтақ – Торғай» жолының іргесінде табиғатқа және мекендейтін немесе қонақтап ұшып өтетін құсқа қажетті көл мен көлшік жоқтың қасы, ал «Торғай – Ырғыз» жолының бойы көл-көлшіктің көп болуына байланысты ғасырлар бойы ұшқан құстың дамылдап, демалатын орнына айналған. Сібір өзендерінен ұшқан құстың генетикалық ой жүйесінде осы Нұра мен Тәуіп су бассейндері мен көлдер дамылдайтын жер есебінде қалыптасқан, оны өзгертуге ғасырлар қажет. «Торғай – Ырғыз» тасжолының салынуы күндіз-түні ағылған ауыр машиналардан үріккен құстардың ұшу бағытының өзгеруі әлемдік тұрғыда экологиялық тепе-теңдікті бұзуға әкелуі мүмкін. Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігін еске алсақ, ондай тасжол салу үшін келісім қажеттілігі туындайды немесе экологиялық тепе-теңдікті бұзғанымыз үшін миллиардтаған доллар төлеуіміз ықтимал. Бесінші, «Қарабұтақ – Торғай» тасжолы бойында Әбілқайыр ханның, қазақтың рухани таным дүниесіндегі орны ерекше Әбірахман әулие, Қарабас және Сарыбас әулиелер бейіттерінің орналасуы болашақ ұрпақ тәрбиесінде, сонымен қатар биыл аталып өтілетін Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына байланысты шаралар барысында тарихи мәні зор екендігі даусыз. Және бұл өңілде туризмді дамытудың негізін қалауға мүмкіндік беретін мәселенің басты бірі. Сондықтан Ақтөбе – Астана тура жолының салуына күмән келтіруге болмайды. Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауындағы тапсырмаларға сай, тек тура жолды салу бағытындағы мүмкіншіліктерге және оның болашағына логистикалық талдау жасау менің міндетім деп санадым. Жаңа жолда ылайым Тәуелсіздіктің Көк туы желбіресін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары