$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстан – сенімді серіктес

Кеше Астанада Пар­ламент Мәжілісінің ұйым­дас­тыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан жолы: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» тақырыбында халықаралық парламенттік конференция өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қаби­болла Жақыпов, Бела­русь Республикасы Ұлт­тық Жиналысы Өкілдер пала­тасының Төрағасы Вла­димир Андрейченко, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Асыл­бек Жээнбеков, Қазақстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжік­стан, Түрікменстан парла­ментшілері, ҚХА, халық­аралық ұйымдар өкіл­дері және бірқатар мемле­кет­тердің еліміздегі елшілері қатысты. Көпэтносты және көпкон­фес­сиялы қоғамымызды дамыту, халықаралық қауіпсіздікті және қазақстандықтардың бірлігін қам­та­масыз ету бағытында еліміз бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстар талқыланған бұл жиынды Қабиболла Жақыпов ашты. – Бұл форум Қазақстандағы мемлекеттік және қоғамдық өмірді айқындайтын тарихи оқиғалар: жуырда ғана өткен президенттік сайлау мен Елбасымыз жария еткен бес институттық реформа ке­­зеңінде өтіп отыр. Сонымен бірге, үстіміздегі жыл Қазақстан хал­қы Ассамблеясының 20 жыл­дығы, Қазақ хандығының құры­луы­на 550 жыл толуы, Конс­титу­цияның 20 жылдығы сынды айтулы шаралармен ерекшеленуде. Осы оқиғалардың барлығы – Қазақстанның маңызды белестері. Бүгінгі конференцияның тұ­рақтылық пен өркендеуге қол жеткізуде Қазақстан жолының негізгі құрамдас бөліктерін ұғыну тұрғысынан маңызы зор, – деді Қабиболла Жақыпов. Сондай-ақ, Мәжіліс Спикері қазіргі таңда «Қазақстан жо­лы» мен «Назарбаев моделі» ұғым­дары берік орныққанын атап өтті. – Бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету – кез келген мем­­лекеттің болашағы үшін аса маңызды, барша адамзат өрке­ниеті үшін өзекті. Сондықтан да, елі­мізді жедел жаңғырту жағ­дай­­ын­дағы этносаралық және кон­фес­­сияаралық келісімді қамтамасыз етудің қазақстандық тәжіри­бесін халықаралық қоғамдас­тық жоғары бағалап отыр, – деді ол. Оның айтуынша, еліміздегі тұрақтылық «алдымен – экономика, сонан соң – саясат» қағидаты бойынша жүйелі экономикалық реформалар мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету есебінен жүзеге асуда. Қ.Жақыповтың сөзіне қа­ра­ғанда, қазақстандық үлгіде да­мудың ең басты факторы еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев көшбасшылығының әлемде мойындалуы. – Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап ел Президенті Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының абсолютті әрі берік негізі ретінде бейбітшілік пен келісім құндылықтарын қалап қана қойған жоқ, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, барлық этностар мен конфессиялардың құқығы мен бос­тан­дықтарын қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев – идеялары халықтың интеллектуалды қуатын ұлы істерге жұмылдыра алатын Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан На­зарбаев – шын мәнінде халықтық Пре­зидент, – деді Қабиболла Жақыпов. Бұдан бөлек, Мәжіліс Төрағасы бүгінгі Қазақстан – ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық ету тәжірибесі жеткілікті бейбітшілік сүйгіш мемлекет екенін, еліміздің Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық сынақ алаңын өз еркімен жапқанын, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі ірі халықаралық бітім­гер­лік үдерістерге қатысқанын, пост­кеңестік кеңістікте, соның ішінде Тау­лы Қарабақта, Тәжікстан мен Қыр­ғыз­станда тұрақтылықтың сақталуы үшін, Украинадағы жағдай бойынша келіс­сөздер үдерісін жолға қою үшін көптеген әрі төтенше маңызды шаралар атқарғанын атап көрсетті. Бұған қоса, ол өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздікті нығайту, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жандан­дыру мақсатында Қазақстанда Ауған­станға көмек жөніндегі Ыстамбұл кон­ференциясы өткенін, Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды жүргізілгенін, жақында ғана Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер ұйымдастырылғанын айта келіп: «БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық бітімгершілік миссиясына қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі Қазақстан – ЕҚЫҰ, Ислам Ын­ты­мақтастығы Ұйымы секілді ірі халық­аралық ұйымдарда төрағалық тәжі­рибесі бар, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын табысты жүзеге асырып келе жатқан бейбітшілік сүйгіш мем­лекет. Қазақстан өз еркімен Ресей, Қы­­тай, АҚШ, Еуропалық одақ елдері, бас­қа да мемлекеттермен стратегиялық әріп­тес­тікті жүзеге асырып келе жатыр», – деді. Одан әрі Қабиболла Жақыпов Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масы бойынша 2013 жылдың қыр­күйе­гінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдарды Мәдениеттерді жақын­дас­­тырудың халықаралық онжыл­ды­ғы ретінде жариялау туралы ше­шім қабылдағанын, адами өлшем тұр­ғысынан алғанда еліміз үшін толерант­тылық қағидаттары мен кемсітпеушілік қағидаттары мейлінше маңызды болып табылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері Ел­басы ұсынған 5 институттық ре­фор­маның маңыздылығына назар аударды. – Елбасы айқындаған бұл реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, заңның үстемдігіне, экономикалық өсімді ынталандыруға, қазақстандық біртектілікті нығайтуға, сонымен бірге, мемлекеттің есептілігін арттыруға бағытталған. Реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да бекітілді. Жалпы алғанда, мұндағы әңгіме ең алдымен меритократия қағидаттары бойынша жоғары кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызмет жүйесін ре­формалау туралы болып отыр. Екін­ші блокта, сот жүйесі мен құқық қор­ғау органдарының тиімділігі мен ашық­тығын арттыру жолымен заңның үстем­дігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сот жүйесін реформалау аясында инвестициялық дауларды шешудің ашық­тығын қамти отырып, біз шетелдік инвес­тор­лардың сенімділігін көтере түсеміз, – деді Қ.Жақыпов. Сөз кезегі өзіне тигенде Беларусь Парла­менті төменгі палатасының Төр­ағасы Владимир Андрейченко Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатқанын сөз ете отырып, еліміздің аймақтық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудегі рөлінің маңыздылығын, Шығыс пен Батыс­тың өркениетін жақындатудағы, Еур­а­зия кеңістігін рухани және мәдени дәстүрлерін біріктіруге деген ұмты­лы­сын, сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының артықшылықтарын сөз етті. Ал Қырғызстан Парламентінің Төр­ағасы Асылбек Жээнбеков Қазақстан-Қырғызстан арасындағы ынтымақты қатынастың өміршеңдігін, екі елдің тығыз байланыста болуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып ке­ле жатқан үлесі зор екенін жеткізе келіп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы инс­ти­тутының жұмысы – бұл бірегей тәжі­рибе, ондай тәжірибе басқа мемлекеттер тарапынан зерттеуді қажет етеді. Соның ішінде Қырғызстанда да бұл тәжірибені зерттеу керек. Біз үшін ұлтаралық ке­лісім мағынасыз мәселе емес», – деді. Қырғызстан Парламенті басшы­сының пайымдауынша, ҚХА жұмысына ел Президентінің өзі басшылық етіп, дәл осы саланы тікелей бақылауында ұстауы институт қызметінің маңыздылығын арттыра түседі. Бұдан кейін ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Астрид Турс, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары Ера­лы Тоғжанов, Ресей Думасының депу­таты Сергей Вайнштейн, Ауғанстан Ис­лам Республикасы Волеси Жиргасы Әйел­дер мен балалар мәселелері  жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Шукрия Пайкан Ахмади, Тәжікстан Республикасы Маджилиси Оли Маджилиси намояндагонның депутаты Дамир Амрихудои, Түрікменстан Меджилисінің депутаты Реджепгелди Мередов және басқалар сөз сөйледі. Жалпы, жиында сөз алғандардың бір­қатары Қазақстан халқы Ассам­бле­я­сының тәжірибесі –қазақстандықтардың бейбітшілікпен өмір сүруге, халықтың тарихын, мәдениетін және дәстүрін сақтай отырып, ортақ болашақты құруға деген құлшынысының көрінісі деп есептейтіндерін жеткізді. Ал тағы бір­қатар спикерлер Ассамблея жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сай­лауда жеңіске жетуімен, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын, бес институттық реформаны және «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруды бастауымен тұспа-тұс келуінің терең символдық мәні бар екеніне назар аударды. Бұған қоса, конференцияға қаты­су­шылар Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі мемлекеттермен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екендігін сөз етті. Сондай-ақ, жиында Қазақстан жүйе­лілікпен және сенімділікпен дамып келе жатқан, түрлі этностар, мәде­ниеттер, діндер тоғысқан жас әрі күш­ті, жаһандық үнқатысу мен ынтымақ­тас­тықты құруда сенімді әріптес ел ретінде атап өтілді. Басқосу барысында халықаралық парламенттік конференцияға қаты­сушылар Қазақстан халқын, Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты атал­ған ұйымның 20 жылдығымен құт­тықтап, елімізге даму мен өркендеу, кемел келешек тіледі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары