Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» ҚДП-ның мүшелері Нұрлан Жазылбеков пен Меруерт Қазбекованың қатысуымен брифинг өтті. Онда «Еуразиялық экономикалық одақ аясында тарифтік саясатты ықшамдау» тақырыбы кеңінен талқыланды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөз сөйлеп, Қазақстанның одан әрі дамуы үшін және мемлекеттің тұрақтылығы мен жетістігіне әсер ететін ғаламдық шақырулар мен тәуекелдерге жауап болған бес институттық реформаларды ұсынып, оларды жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамды айқындап берді, дей келе өз сөзінде Нұрлан Жазылбеков «Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсу» деп аталатын үшінші реформасының аясында Елбасы кеден рәсімдеріне, тарифтік саясатқа, дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес келмейтін тарифтік емес тосқауылдарға қатысты проблемаларды атағандығын жеткізді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында тарифтік саясатты ықшамдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуге тапсырма бергендігін атап өтті.
Аталған құжатта салық және кеден саясаты мен рәсімдерін оңтайландыру, кеден рәсімдерінен өту кезінде «бірыңғай терезе» қағидасын енгізу, кеден және салық жүйесін біріктіру, сондай-ақ «постфактум» кедендік тазалау тәртібін енгізу мәселелері көтерілген. Онда сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының 6 таңбалы бір текті тауар топтары аясында «0-5-12» үлгісі бойынша бірыңғай кедендік тарифтің кеден мөлшерлемесін қысқарту қарастырылады, деді ол.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеу аясында мүше мемлекеттер бірыңғай сыртқы сауда және кеден саясатын жүргізетіндігін, осылайша Одақтың кеден аумағында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасын және Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифі қолданылатындығын атап көрсетті.
Кедендік баж мөлшерлемесін анықтау құзыреті Еуразиялық экономикалық комиссияға берілгенін ескере отырып, бірыңғай кедендік тариф пен сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына өзгертулер енгізу мәселелері комиссия кеңесімен қабылданады. Бүгінде БТН-да кедендік баждың 0 %-дан бастап максималды 80%-ға дейін мөлшерлемесі, оның iшiнде сыртқы экономикалық қызметi бiрыңғай тауар номенклатурасы 6 және 9 таңбалы деңгейде тауардың әр тектi топтары аясында кеден бажының түрлi төлемі анықталады, деді депутат.
Оның айтуына қарағанда БТН негізінен елдің ішкі нарығы мен төлем қабілетін ескере отырып, тауарлар мен өнімдерді әкелуге тағайындалған. Олар импорттық тауар құрылымын оңтайландыруға, отандық өндірушілерді қолайсыз шетелдік бәсекелестіктен қорғауға, өндіріс құрылымындағы озық өзгерістерге жағдай туғызуға және тауарларды пайдалану мен әлемдік экономикаға тиімді кірігуге жағдай жасауға бағытталған.
«Ұлт жоспары — 100 нақты қадамға» сәйкес «постфактум» кедендік тазалау тәртібін енгізу, СЭҚ қатысушыларының жеке санаттарына тауар декларациясын бергенге дейін тауар шығару мүмкіндігін беру қарастырылған. Қазіргі уақытта кеден декларациясын бергенге дейін тауарды шығару рәсімі Кеден одағының Кеден кодексімен және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен реттеледі, деді Н.Жазылбеков.