21.06.2015, 18:00

«Online Expo-2017» байқауы отандық ғылыми-техникалық жобалардың өнеркәсіпке ендірілуіне қозғау салмақ

Бүгін «Астана ЭКСПО-2015» ҰК-да «OnlineExpo-2017» байқауына қатысатын отандық ғылыми-техникалық жобалар өнертапқыштарымен бірге баспасөз мәжілісі өтеді. 

Спикерлер ретінде үш инноватор шақырылатын болады, олардың әрқайсысы Қазақстанда пайдаланылып жатқан инновациялық жаңалықтардың авторлары болып табылады.

Қостанайлық биолог Ободовская Валентина аллергия тудырмайтын, мамығы жоқ теректі сұрыптап шығарды. Инновациялық терек бүгінгі таңда Астана қаласының аумағында отырғызыла да бастады.

Ал Арман Ақмаханов өзінің өнертапқыш жолдастарымен бірге «Шыңғысхан» атты жел қондырғысын ойлап тапты. Құрылымы балалардың ойнайтын зырылдауығына ұқсатып бірегей тәсілмен құрастырылғандығының арқасында «Шыңғысхан» қондырғысы желдің кез келген күшінде электр энергиясын өндіре алады. Қазір стартап-жоба GISTTECH-I халықаралық инновациялық байқауының финалына шықты. Бұл байқауға әлемнің 86 елінен кәсіпкерлер қатысуда.

«Жер, металлургия және байыту туралы ғылымдар орталығы» АҚ-ның қызметкері Сергей Требухов люминесценттік (іші сынапқа толтырылған) шамдарды экологиялық қауіпсіз жолмен кәдеге жаратудың тәсілін ойлап тапты. Қазіргі таңда жоба авторлары Технологиялық дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктен грант алып, «Астана - Жаңа қала» еркін экономикалық аймағында бұл жаңалықты келешекте өнеркәсіпте пайдалануға мүмкіндік беретін өндірістік телімді салуда.

«Жасыл» инновациялар мен жобаларды іріктеуге арналған «Online Expo-2017» республикалық байқауы ЭКСПО-2017 көрмесіне ғалымдар, өнертапқыштар мен инновациялық кәсіпкерлерді қатыстыру үшін өткізілуде. Байқау қазақстандық өнертапқыштарға өз жобаларын жұртшылық назарына ұсынып, өнертабыстардың өнеркәсіпке ендірілуіне қозғау салады деп күтілуде. Байқау ЭКСПО-2017 көрмесі басталғанға дейін жыл сайын өткізілетін болады, оның қорытындысы бойынша 2015, 2016 және 2017 жылдары өтетін Болашақ энергиясы форумы шеңберінде шағын ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан былтырдан бері 166 жылдық тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығы үшін күресіп келеді.

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Әрине, бұл оңай шаруа емес.

Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ таңдап алынбаса керек. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес, әрине. Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі болып табылады. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.  Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындап отыр? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Егер EXPO-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қалмақ. Оны әлемдік қауымдастық та жете түсініп отыр. Астананың игі бастамасына көрші, бауырлас елдерді айтпағанда, дамыған еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдіруде.  Осы ретте сәл шегініс жасасақ... Естеріңізде болса, V Астана экономикалық форумы аясында «Жасыл көпір» және EXPO-2017 тақырыбы «Болашақ энергиясы» сияқты Қазақстанның Жаһандық экологиялық бастамалары жөнінде мамандандырылған сессия өткен болатын. Сессияның спикерлері ретінде Нобель сыйлығының лауреаттары Роберт Ауманн, Эрик Маскин, АҚШ Хьюстон университетінің баламалы энергетика зерттеу институтының директоры Алекс Игнатиев, Мыңжылдық жобасы халықаралық ұйымының Венесуэла бөлімінің төрағасы Хосе Кордейро, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Экоэнергомаш» бас директоры Альберт Болотов, Назарбаев Университеті инженерлік факультетінің машина жасау кафедрасының профессоры доктор Сарим әл-Зубайди, Назарбаев Университеті Инженерлік мектебінің профессоры Жұмабай Бәкенов өз ойын ортаға салды. Басқосуды қорытындылай келе мамандар бүгінде бүкіл әлем қайта қалпына келетін және баламалы энергия көздеріне баса көңіл бөлініп отырғанын айтып, Қазақстанның бұл бастаманы қолдауға әлеуеті жеткілікті екенін алға тартты. Жаһандық мәселелерді көтеріп, климаттың өзгеруін, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігін және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларына қаржылай қолдау көрсету жайын талқылады.  Шындығында да еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын толтыруға тамаша мүмкіндік туып отыр. Қазақстанның сағатына 1 трлн кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Оның үстіне Астана көрмені өткізу құқығын жеңіп алған жағдайда, ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшеді. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.  2012 жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде төраға Стин Кристенсеннің басшылығымен Көрмелердің халықаралық бюросы Сарапшылық комиссиясының елімізге жұмыс сапарымен келуін атауға болады. Стин Кристенсен мен КХБ бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес екі рет БАҚ өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстел барысында олар Қазақстандағы жұмыс кездесулері туралы алған әсерімен, тың ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, Стин Кристенсен Астана ұйымдастыру комитеті құжаттар жинағын дайындау бойынша тамаша жұмыстар атқарғанын мәлімдеді. Техникалық кездесу барысында туындаған барлық сұраққа жауап алғанын айтты. «Біз Қазақстан Президентімен, ел Үкіметінің министрлерімен, Мәжіліс, Сенат өкілдерімен, Астана қаласының басшысымен, азаматтық қоғам өкілдерімен, ҮЕҰ, академиялық топтармен, студенттермен, кәсіподақтармен кездесу өткіздік. Барлық бұл мүдделі тараптар Астана EXPO-2017 жобасына толығымен қолдау көрсетіп отыр. Мен де Қазақстанның жеңіске жетуіне шын жүректен тілектеспін және бұл елдің қонақжайлылығы үшін алғыс айтамын», - деп ағынан жарылды С.Кристенсен.  Демек, бұдан шығатын қорытынды, әлемдегі белді ұйымдар Қазақстанның EXPO көрмесін өткізуіне бір жағынан мүдделі болып отырса, екінші жағынан Қазақстан мен оның «энергия» тақырыбына деген қызығушылығын көптеген елдер қолдауда. Қазір елуден астам ел Астанада көрмені өткізуге жазбаша келісім берсе, қырықтан астам мемлекет ауызша растаған.  Тағы да мамандардың пікіріне тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. КХБ бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астананың EXPO-2017 өткізуге мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Ол біздің еліміздің үш артықшылығына бас мән беретінін жеткізді. Оның пайымынша, біріншіден, Қазақстан басшылығының саяси еркіндігі бар, екіншіден, бұл істі абыроймен атқаруға қажетті қор жеткілікті, үшіншіден, біздің еліміз ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінде бүкіл дүние жүзінде маңызға ие болып отыр.  EXPO-2017 ұлттық жобасына Мемлекет басшысының өзі қолдау көрсетуі оны сәтті іске асырудың маңызды факторы болып табылады. 2011 жылдың жазында Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымға мүше мемлекеттер EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізуде Қазақстанның кандидатурасын қолдайтынына сенім білдірді. Президент бүгінде энергетикаға ауқымды инвестиция салу бүкіл әлем үшін өте маңызды мәселе болып табылатынын атап өтті. Тарихқа көз жүгіртсек, EXPO дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір болып табылатын жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы Кеңес республикаларымен, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас мемлекетте өткізу Астанаға тағы бір ұпай алып келетіні белгілі.  Қазақстан елордасы сайлауалды бәсекеде жеңіске жетсе, осы саладағы үздік әлемдік үрдістер мен әзірлемелерді көрсетіп, оны талқылау үшін тиімді алаңға айналары сөзсіз. Қазірдің өзінде «Болашақ энергиясы» тақырыбында жұмыстар басталып кетті. Қазақстан жаңа энергия көздерін енгізу бойынша халықаралық пікірталастарға белсенді түрде қатысып келеді. Айталық, 2012 жылдың маусымында Астанада өткен «Болашақ энергиясы» халықаралық симпозиумы ғаламшардың назарын қайта жаңартылатын энергия көздерін күшейту мәселелеріне аударды. Мұның өзі Қазақстан үшін EXPO-2017 көрмесін өткізуде маңызды шаралардың бірі болғаны анық.  Қорыта келгенде, күннен күнге дамып жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалану үкіметтік деңгейде қолға алынса, біздің дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік туар еді. Сонда біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, көптеген жұмыс орнын құрып, сатып алу қабілеттілігін арттыра аламыз. Сондықтан да біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор. Сайлауалды науқанының ең бір жауапты кезеңі – дауыс беретін күн де алыс емес. Оның нәтижесі тек 2012 жылдың соңында ғана белгілі болмақ. Әрбір қазақстандық біздің жеңіске жететінімізге сенеді және Көрмелердің халықаралық бюросы делегаттары оң жауап береді деген үмітте. Өйткені біз үшін жеңіс маңызды.