$ 498.34  519.72  4.85

Биыл 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы бітеді

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Күмісбек Орашов облыс әкімдігіндегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында басқарманың 5 айда атқарған жұмыстары жөнінде есепті баяндама жасады.

Басқарма басшысы айтып өткендей, өткен жылы облыстың құрылыс саласына 65 миллиард 262,6 миллион теңге бөлінген. Алайда, түрлі себептерге байланысты қомақты қаржының 21,1 миллион теңгесі игерілмей қалған. 2015 жылы құрылыс саласын қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 45 миллиард 954,1 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржының 45,9 миллиард теңгесі әкімшілік-шаруашылық, тұрғын үй-коммуналдық және мәдени-әлеуметтік 225 нысанның құрылысына жұмсалатын болады. Бүгінгі таңда салынып жатқан жоғарыдағы 225 нысанның 160-ын биыл пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша биыл 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соның 43-і жыл соңына дейін салынып бітпек. Сондай-ақ, өткен жылы салына бастаған 46 тұрғын үйдің, биыл қазығы қағылған 20 көпқабатты баспананың және кредиттік тұрғын үйлердің құрылысына республикалық, облыстық бюджеттер есебінен 3 992,192 миллион теңге қарастырылыпты. Сонымен бірге, Шымкент қаласында «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ бөлген 6,3 миллиард теңгеге 1080 пәтерді құрайтын 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы компанияның қаржысымен Шымкент қаласы Төлеметов көшесінің бойынан салынып жатқан көпқабатты 7 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Шымкент қаласы «Асар» шағынауданынан көпқабатты 18 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 4,6 миллиард теңге бөліп отыр.

Басқарма басшысы Күмісбек Әшірбайұлы сөзін қорытындылай келе, облыс бойынша биыл 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары