Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Ержан медицина қызметкерлері күні қарсаңында өз кабинетінде өңірдің бірқатар ақ халатты абзал жандарын қабылдады. Мәслихат хатшысы сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, халық денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысын білдірді.
Құдайберген Төлепұлы кездесу барысында облыстағы денсаулық сақтау саласын дамытудағы жетістіктерге тоқталып, халық қалаулыларының медицина саласындағы проблемаларды шешудегі рөлін атап өтті.
Кездесуде 10 медицина қызметкеріне ОҚО мәслихатының грамотасы тапсырылды. Марапат алған ізгі мамандық иелерінің арасында Шардара аудандық ауруханасының хирургі С.Мирзадинов, ОҚО консультативтік-диагностикалық орталығының дәрігері Л.Кулиева, №2 облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Т.Қошанбаева, Түлкібас аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі А.Жантаев, Сарыағаштағы Қапланбек ауылдық ауруханасының меңгерушісі Т.Нысанқұлов, Мақтааралдағы Жылысу ауылдық емханасының аға дәрігері Т.Ержігітова, Түркістан қалалық емханасының терапеві Г.Әшірова, облыстық кардиологиялық орталығының дәрігері Э.Шыңғысова, Арыс аудандық орталық ауруханасының тазалықшысы К.Жарасбаева және Бәйдібек аудандық емханасының медбикесі П.Сапарбекова бар.
Өз кезегінде медицина қызметкерлері де өздерінің қиын да жауапты еңбектерін бағалаған мәслихат хатшысына ризашылықтарын білдірді.