Оңтүстік Қазақстан облысында «Нива» көлігі каналға құлап, алты адам мерт болды деп жазады 24.kz
Қайғылы жағдай Қазығұрт ауданындағы Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар ауылының маңында орын алған. Жеңіл көлік көпірден өтіп, бірнеше метр каналды бойлап жүріп барып, суға құлаған. Көліктің ішінде 8 адам болған. Олар 1989 жылғы жүргізуші мен 14 жастағы ер бала және 6 әйел болған. 5 адам оқиға орнында суға тұншығып, қайтыс болған. Қазір құтқарушылар суға кеткен 25 жастағы қыздың денесін іздестіріп жатыр. Өйткені судың ағыны қатты, - дейді оқиға орнында жүрген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков. Тосын жағдайды көрген 40 жастағы жігіт бірден суға секіріп, машина ішінде қалып қойған екі азаматшаны алып шыққан. Қайта сүңгігенде ағыны қатты су оны да ағызып алып кеткен. Көзсіз батырлық жасаған азаматтың 1975 жылғы Заңғар ауылының тұрғыны Ақылбек Елмұратов екені анықталған. Қазір судан құтқарылған екі әйел аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы көлік ішінен 5 азамат пен бір құтқарушы жігіт мерт болған. Оқиға орнында тәртіп сақшылары қайғылы жағдайдың себептерін анықтап жатыр.