Атырау облысында жоғалып кеткен 11 жасар бала үшінші тәулікте ғана табылды. Ол 9 мамыр күні Елтай ауылынан шығып, ата-анасы тұратын қыстауға қарай бет алып, содан жоғалып кеткен деп жазады "АқЖайық" порталы.
Басылымның хабарлауынша, өңірдегі шопандардың балалары әліге дейін интернатта немесе қала-ауылдардағы туыстарының үйінде жатып оқиды екен. Жоғалған жеткіншек те интернаттың оқушысы.
Баланы іздеу үшін ТЖД мамандары көлікпен және тікұшақпен даланы кезіп шықты. Оларға баланың туыстары мен ерікті азаматтар да көмектескен.
Елтай ауылдық округінің әкімі Ербол Дүйшімнің айтуынша, 11 жасар жеткіншек тек 11 мамыр күні аман-есен табылған. Ол жоғалып кеткенін біліп, алғашқы түні далада жиналып тұрған шөптің үстінде ұйықтапты. Екінші түні ата-анасының қорасына дейін жетіп, сонда түнеген. Баланы ұйықтап жатқан жерінен тауыпты.