$ 494.87  520.65  4.91

Гүлнәр Каримованың Ташкент түбіндегі түрмеде екені анықталды

2015 жылы бес жылға бас бостандығынан айырылған Гүлнәр Каримованың Швейцариядағы адвокаты Ташкентке келу сапары кезінде бірталай шындықты жұртқа жария етті деп жазады «ca-news.org» агенттігі.

Швейцариялық «Mangeat Attorneys at Law» адвокаттық конторының негізін салушы заңгер Грегуар Манжа осы сапарында Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнәр Каримовамен кездесуі мүмкін. Өзбекстанның Бас Прокуратурасы бұған ешқандай кедергінің жоқ екенін мәлімдеген.

Адвокаттың айтуынша, қазіргі сәтте «Ташкент қаласынан шамамен үш сағаттық жердегі абақтыда» жатқан Гүлнәр Каримоваға қатысты соттық істер билік басына Шафкат Мирзияев келгеннен бері біршама жеңілдеген. Манжа Каримованы «оның ісіндегі шикіліктер» шаршатқанын әрі алғашқы екі жарым жылы өте ауыр өткенін, сондықтан да қазіргі уақытта денсаулығы нашарлап, дәрілік препараттар қабылдап жатқан Гүлнәрға тек президент Ш.Мирзияев қана көмектесе алатынын айтқан.

Еске салайық, 2017 жылдың шілде айында Өзбекстанның Бас Прокуратурасы Каримованың қылмыстық ісі туралы толық мәлімет жариялаған еді. Осы мәлімдемелерге қарағанда, 2015 жылы Каримова бопсалау, мемлекеттік қаржыны орынсыз жұмсау, салықтан жалтару сияқты көптеген айыптаулармен бес жылға бас бостандығынан айырылған еді. Тағы да ресми мәлімдемелерге сәйкес, оған қарсы өзгелердің мүліктерін иемдену, кеден заңын, сауда қағидаларын бұзу, шетелдік валюталарды жасыру, кірістерді заңдастыру және жалған құжат әзірлеу сынды көптеген іс қозғалған. Ал, швейцариялық адвокатының кеше жасаған мәлімдемесіне сәйкес, Каримова бұл айыптаулардың ешқайсысымен келіспейді.

Дереккөз: The Qazaq Times

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары