Көпқабатты үйдің сыртына орнатылған желдеткіш жарылып, соңы өртке ұласқан деген болжам бар.
1 шілдеде 12-ші шағынаудандағы 33-ші үйдің екінші қабатынан шыққан жалын салдарынан 35 жастағы келіншек қаза тапты деп жазады BNews.kz.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне жергілікті уақытпен 23.30-да телефон қоңырауы түскен. 3 өрт сөндіру машинасына мінген 15 құтқарушы оқыс оқиға болған жерге шұғыл жетіп, бас-аяғы 50 адамды қауіпсіз аймаққа шығарды. Ал өртенген үй ішінен 1983 жылы туған әйелдің мәйіті табылған.
Көршілері марқұмның сол пәтерді жалдап тұрғанын хабарлады. Сондай-ақ, тұрғындарды эвакуациялау кезінде сол аяғын терезе сынығы кескен ер адамның жалын шарпыған пәтердің иесі екені белгілі болып отыр.
Маңғыстау облысы бойынша ТЖД басқарма басшысының орынбасары Александр Алексеевтің айтуынша, тілсіз жаумен күресуге 18 өрт сөндіруші, апат медицина орталығының мобильді тобы мен жедел-жәрдем көлігі жұмылған.
Қазіргі таңда бір адам көз жұмған өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Көпқабатты үйдің сыртына орнатылған желдеткіш жарылып, соңы өртке ұласқан деген болжам бар.