$ 448.89  477.93  4.76

Нарықта отандық өнім көбеюде (ФОТО)

Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық міндеттерінің бірі оны жаңа технологиялық негізде жандандыру, агроөнеркәсіп жүйесін жетілдіру болып табылады. Бұл бағытта Ақ Жайық өңірінде де ілкімді істер бар.

Бүгінгі таңда БҚО-да 30-дан астам орта және шағын кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуда. Бұл импорт көлемінің төмендеуіне өз әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы жылдары Орал өңірінде ірімшік пен сүзбе, басқа да сүт өнімдері, қалбырдағы балық, көкөніс қалбыры, ет және тағамдық қосалқы өнімдер, макарон өнімдері, шұжық өнімдері, сары май, ұн, нан өнімдері артты.

-Өңіріміздің аграрлық секторы батысқазақстандықтарды өз өндірісі есебінен нан өнімдерімен, ет, сүт, картоп, көкөніс, жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етуде. Облыс нарығында ұн, ет және сүт секілді өнімдердің арасында жергілікті агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімдер көп. Өткен жылы өңіріміздің қайта өңдеу кәсіпорындарымен 45,5 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Яғни тамақ өнеркәсібінің физикалық көлем индексі 2016 жылмен салыстырғанда 107,3%-ға өсіп отыр. Орташа алғанда өңірдегі өңдеуші кәсіпорындар жергілікті халықтың қажеттілігін 80% -ға дейін қамтуда. Соның ішінде сүт және ет өнімдері 85%, ал ұн мен ет 100% қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш шикізат көлемінің ұлғаюы және өндірісті жаңғырту жұмыстарының артуы нәтижесінде өсіп отыр,-дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Ал облыс аумағына негізінен ерте пісетін жемістер, көкөністердің бір бөлігі еліміздің оңтүстік аймақтары мен жақын шет елдерден әкелінеді. Сонымен қатар күріш, түрлі дәнді дақылдар, өсімдік майы, сүт және ашытылған сүт өнімдері де импортталады. Алайда олардың көлемі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, өңдейтін субъектілері қатары артуда. Сөйтіп нарықта отандық өнім түрлерін көбейтуге барынша жағдай жасалып жатыр.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары