Павлодарда 279 адам шағын бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 178 адамға бес АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынып, 101 адам 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған деп жазады pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Тек бір айдың ішінде Павлодар қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі облыс орталығының қала аумағын абаттандыру ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚжК 505-бабы бойынша үш ЖШС-ке 30-100 АЕК көлемінде және үш жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартқан», - деді баспасөз қызметінде.
Екібастұз қаласында үстіміздегі жылғы жеті ай ішінде ҚР ӘҚжК 505-бабы бойынша 511 жеке және заңды тұлғаға қалалардың аумақтарын, қалалық инфрақұрылым нысандарын абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 493 025 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Айта кетейік, 2018 жылдың басынан бастап учаскелік полиция инспекторлары аулаларды және пәтерлерді аралау барысында тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларын үйлері мен меншік нысанына жақын орналасқан аумақта санитарлық тазалықты сақтау қажеттілігі жөнінде хабардар еткен.