Таяуда ғана «Махаббат бекеті» фильмінің режиссері Талғат Теменов продюсер Баян Алагөзоваға шүйлігіп, өз фильмінің жалғасын түсіруге құқығы жоқ екенін айтқан еді. Өз кезегінде Алагөзова режиссерге жауап беріп, өзінің туындысы мүлде бөлек шығармаға негізделгенін айтты. Бұл туралы Аbai.kz жазды.
«Мен «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіріп жатқан жоқпын. Бұл мүлде бөлек шығарма. Мүлде бөлек авторлар. Мүлде бөлек оқиға желісі. Менің түсіріп жатқан фильмім – «Тағдыр бекеті» деп аталады. Фильм түсіруге құқығым бар ғой.
Талғат Теменовтің повестінен ештеңе ұрлаған жоқпыз. Оқиға желісі мүлде ұқсас емес. Керек десеңіз, Талғат Досымғалиевичтің фильміне, оның сценарийіне еш қатысымыз жоқ», – дейді Баян Алагөзова.
Сонымен бірге, продюсер «Махаббат бекеті» фильмінің авторлық құқығы «Қазақфильмге» тиесілі екенін айтады. Ал сол кинодағы музыканы оның авторы Төлеген Мұхамежановтан рұқсат алған.
«Ал мен өз фильмімде кімдерді, қандай актерлерді ойнатамын, оны өзім шешемін. Ол менің жеке шаруам ғой.
Иә, кейіпкерлерімнің аты Гүлназ бен Орал. Гүлназ бен Орал деген – халықтық есімге айналып кеткен.
Біз ешқандай авторлық құқықты бұзған жоқпыз. Иә, фильмде «Махаббат бекетінің» музыкасын пайдаланбақпыз. Ол үшін музыка авторы Төлеген Мұхамежанов ағамыздан рұқсат алдым.
Ал «Махаббат бекеті» фильмінің кейбір кадрларын пайдалану деген мәселеге келсек, Нұргелді, бұл фильмнің авторлық құқығы «Қазақфильмге» тиесілі. Талғат Досымғалиевич осыдан 25 жыл бұрын, авторлықты «Қазақфильмге» өткізіп берген», – дейді продюсер.
Ол фильм түсірместен бұрын Талғат Теменотің рұқсатын алғысы да келген екен. Алайда, режиссердің телефоны сөндірулі болғандықтан, сөйлесе алмапты.
«Ал қазір авторлық меншік ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Менде вице-министрдің қолы қойылған рұқсат қағазы бар. Сондықтан, мен авторлық құқықты бұзды дегенмен келіспеймін.
Рас, Талғат Досымғалиевичпен байланыс орнатпақ болдық. Телефонын өшіріп тастаған. Байланыс орната алмадық. Ол кісімен тікелей сөйлескен жоқпыз. Әйтпесе, адам секілді алдынан өтпек едім. Өзі қалаған жоқ.
Ал енді, фильмнің сценарийін оқып алмай жатып, «менікін ұрлады» деген ұят әңгіме.
Ол кісінің фильмі – «Махаббат бекеті» деп аталса, менікі – «Тағдыр бекеті» деп аталады», – деді Баян Алагөзова.