Жантүршігерлік жағдай Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында тіркелген. Оқиғаның қалай болғанын зардап шегуші бүлдіршіннің әпкесі айтып берді деп жазады NUR.KZ.
«Ініме азғындық жасаған бала келесі көшеде көрші тұрады. 7 жастағы інімді үйіне кіргізіп алып қорқытқан. Үлкен ағам сол үйге барғанда сыртта інімнің аяқ киімі жатқанын көреді.
Бірақ ол үйінде ешкімнің жоқ екенін айтқан. Ал інімнен сұрағанда көрші бұған шоколад алып беремін деп 350 теңге беріпті. Үйде компьютер ойнаймыз деп шақырған.
Ағам бармағанда үйінде зорлағысы келген екен. Кейін жағдай өзен жағасында қайталанған. Оны көрген куәгерлер бар.
Бізге азғындықтың жасалғанын ойнап жүрген балалар мен көршілер айтып келді. Сол кезде полиция шақырдық. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес пе деп қорқамыз», - дейді зардап шеккен 7 жасар баланың апасы.
Зардап шегуші тарап оқиғаның 16 шілдеде болғанына қарамастан күдіктінің қамауға алынбағанына алаңдап отыр.
«16 жастағы бала қазір үйінде жүр. Оны әлі қамауға алған жоқ. Мамасы баласын өзімен бірге жұмысқа алып кетеді. Баланың шешесінің күйеуі бұрын полицияда жасаған дегенді естідік. Енді істі жауып тастай ма деп қорқып отырмыз. Көршілердің бәрі ол баланың үстінен арыз жазып жатыр. Бәрі де кішкентай балалары үшін алаңдап қорқады», - дейді апасы.
Көршілердің айтуынша, күдікті жасөспірім ата-әжесі, анасы және оның азаматтық некедегі жолдасымен бірге тұрады.
Оқиғаға қатысты ІІД-нің мамандары әзірге тектергеу жұмыстарының жүріп жатқанын хабарлайды.