Қостанайда жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп кетті деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағынауданындағы № 27 үй ортасынан қақ бөлінді. Құрылысшылар мұның себебін жерасты суымен байланыстырады.
«Тұрғын үй қасбетінің жарылуы салдарынан құрылыс жұмыстары 2018 жылдың 11 маусымы күні тоқтады. Мердігерлер жарықтың көлемін анықтау және оны бақылап отыру үшін арнайы журнал жүргізді. Сөгілген қабырғаларға жарық белгілері орнатылды. Техникалық зерттеулер жүргізу үшін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамынан мамандар шақыртылды. Содан соң шешім шығады», – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Алмат Досымхан.
Аталған тұрғын үйдің мердігері «Алматы құрылыс» ЖШС мамандарының айтуынша, тұрғын үйді қайта қалпына келтіру үшін 70 млн теңге көлемінде қаражат қажет.
Дереккөз: ҚазАқпарат