Баян Алагөзова бір кездері өзі басты рөлін сомдаған «Махаббат бекеті» фильмінің жалғасын түсіріп жатыр. Ол «Тағдыр бекеті» деп аталады. Бұны ести салысымен режиссер Талғат Теменов «Менен рұқсат сұрамады, авторлық құқығымды бұзды» деп продюсерді кінәлай кеткен. Алайда Алагөзова Теменовке хабарласқан болып шықты. Бірақ режиссер 50 мың доллар талап етіпті.
«Теменов мырза, «Махаббат бекеті» фильмінің авторолық құқығын сіз «Қазақфильмге» бергенсіз. Сосын ол туындыңыз мемлекет қаржысына түсірілген. Оған тиісті қаламақыңызды да алғансыз.
Ал маған жапқан жалаңызға келейін, мен сізге хабарластым бірге түсірейік деп. Сіз менен 50 мың доллар талап еттіңіз. Бұны айтпай-ақ қояйын деп едім. Өзіңіз осыған жеткізіп отырсыз. Мен мемлекет қаржысына емес, өзім қалтамнан шығындап түсіріп жатқандықтан сізге ондай соманы тауып бере алмаймын. Сосын маған жапқан жалаңыз үшін құқық қорғау органдарына барып, сізді жауапқа тарта аламын.
Ал фильмдегі музыканы қолдануға рұқсат қағазын алып қойғанмын», - деп жазды продюсер өзінің желідегі парақшасына.