$ 443.35  475.54  4.82

Астанада өзін атып өлтірген кафе иесінің қызы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Жол бойындағы кафесін бұзу кезінде өзін атып тастаған Авазов Майор Рашид-оғлының қызы оқиғаның мән-жайын айтып берді деп жазады Tengrinews.kz. 

16 тамызда Тунзалы Рашидлидің әкесі өзін атып тастады. Оқиға кафеге сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері келгенде болған, олар ғимаратты бұзу туралы сот шешімін ала барыпты.

«Караба» деп аталған кішігірім кафе Астанаға жақын маңда, Қарағанды мен Павлодар тас жолдарының аралығында орналасқан. Оның иесі – 60 жастағы Авазов Майор Рашид-оғлы, ғимаратты 2010 жылы тұрғызған. Қайтыс болған ер адамның қызының айтуынша, кафе тұрғызылған жерді әкесі жалға алған.

«Бұл жер 2015 жылға дейін бір компанияға тиесілі болды. Біз бұл жерді 2020 жылға дейін жалға алдық. Бізде барлық құжат, келісімшарт бар. Біз салық төлеп отырдық: барлығы заңды. Бірақ, 2015 жылы компанияның бұл жері тәркіленді, бізге оны ешкім айтқан жоқ. Ол кезде ғимарат тұрғызылып қойған. Ол бұл кафені өзі салды. Біз осы жерде жолға шыққан көліктердің адамдарын тамақтандырдық. Өзіміз де осында тұрдық - мен, анам, әкем», - деді марқұмның қызы Тунзалы Рашидли.

Қыздың айтуынша, техника ғимаратты құлата бастаған кезден бірнеше уақыт өткенде ол әкесінің өзіне қол салғанын естіген.

«Біз кафені босату керек екенін түсіндік, біз жай ғана уақыт сұрадық, барлығын ол жерден әкетіп үлгеру үшін. Бас прокуратурадағылар заттарымызды, құрылыс заттарының бір бөлігі мен жабдықтарымызды алып кетуіміз үшін бізге 10 қыркүйекке дейін уақыт берген. Бірақ ғимаратты сонда да құлата бастады», - деді Тунзалы Рашидли.

Қыздың айтуынша, ол әкесінде қарудың бар екенін білмеген.

«Оқтың атылғанын естіген жоқпын, адамдардың жүгіріп, айғайлаған дауыстарын естідім: «Өлді, өлді», деді олар», - деп еске алды қыз.

Ер адам Әзірбайжанда жерленеді.

«Ол босқын болатын. 90-жылдары Қазақстанға келген, оны ресми түрде босқын деп таныған, кейін ол осы жерде азаматтық алды. Бұрын оның Астрахан тас жолында кафесі болған, бірақ ол өртеніп кетті. Ал бұл кафені өзі тұрғызды», - деді марқұмның туысы Рабил Кулиев.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жол бойында орналасқан кафенің құлатылған сәті түсірілген видео пайда болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары