$ 442.05  474.14  4.74

БҚО-да егіннің 60 пайызы орылды

Егер ауа райы қазіргідей қолайлы болып тұрса, батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдарды жинауды тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының бірінші онкүндігінде аяқтамақшы.

Биыл облыс бойынша 284,9 мың гектарға дәнді дақылдар егілді. Бүгінгі таңда соның 140 мың гектары немесе дәнді дақылдар егісінің 58 пайызынан өнім жиналды. Оның ішінде күздік дақылдар 56940 гектарды, жаздық дақылдар 83140 гектарды құрайды.

Диқандар қазір орта есеппен алғанда әр гектардан 7,8 центнерден өнім алып, 109,2 мың тонна бидай бастырып отыр. Мамандар биылғы құрғақшылыққа қарамастан, егіннің шығымдылығы жаман емес екенін айтады. Өйткені қуаңшылық аймағында тәуекелді егіншілікпен айналысатын батысқазақстандық  диқандар үшін егіннің әр гектарынан 8-9 центнерден өнім алу шүкіршілік етуге тұратын жағдай. Әрине, бір қарағанда өткен жылғы түсімнен екі есеге кеміп кеткендей көрінеді. Өйткені былтыр мұнда 244,7 мың гектар егістік алқабынан 368 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Онда әр гектардан түсім 15,1 центнерден келді. Бірақ мұның Ақ Жайық өңіріндегі соңғы жиырма бес жылдағы дәнді дақылдар шығымдылығының ең жоғары көрсеткіші болғанын ескеру керек.

-Облыстағы егін салатын аудандар арасынан саралап қарасақ, шыңғырлаулықтар көш бастап келеді. Олар гектарынан 14,4 центнерден өнім жинауда. Ал Зеленов ауданында дәнді дақылдар егістігінің әр гектарынан 10,2 центнерден, Теректіде 4,4 центнерден, Тасқала ауданында 5,8 центнерден астық алынуда. Биылғы құрғақшылыққа байланысты егістіктің күйіп кеткен 44 мың гектары есептен шығарылды. Есептен шығарылған егіс алқабының аумағы егістің 15,4 пайызын ғана құрайды. Биылғы аптап ыстықты ескерсек, бұл соншалықты көп емес, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қуанышқали Есімов.

Осылайша өңірдегі диқан қауымы қауырт қимылдап, жерден тапқан ырыздығын жауын-шашынға ұрындырмай жинап алуға асығулы. Әлі алда 538 мың гектар жерге егілген күнбағыс, мақсары, қыша сынды майлы дақылдарды жинау науқаны тұр.

Ернар ХАЙДАР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары