$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде 300 балаға арналған Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп ашылды

Конституция күні Ақтөбе қаласында екі мектеп пайдалануға берілді деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласындағы Қызылжар ауылында Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектеп ашылды. Мектептің ашылуына облыс және қала басшылығы, ауыл тұрғындары, оқушылар жиналды. 

«Елдің болашағы, дамуы балаларға байланысты екенін бәрі біледі. Балаларымыз, жастарымыз қазіргі заман талабына сай білім алуы керек. Сол тапсырманы орындау мақсатында жұмыс істейміз. Қазір 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 15-і биыл пайдалануға берілсе, 9-ы Білім күніне дейін іске қосылады. Айта кететін бір жайт, әрбір ата-ана баланың алдындағы борышын ұмытпауы керек. Ұстаздар да бала тәрбиесіне үлкен үлес қосады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектеп 300  балаға арналған. Мұнда мүгедек балалар үшін лифт жұмыс істейді. Сонымен қатар 200 адамға арналған мәжіліс залы, толық жабдықталған спорт залы мен пәндік кабинеттер бар. Асхана 100 орынға шақталған. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Жақсыбеваның айтуынша, мектеп асханасында электронды карта пайдаланылады. «Ақтөбе қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 7 мектеп ашылып отыр. Әрі бірнеше мектепке қосымша ғимарат салынуда», - деді А. Жақсыбаева.

Айта кетейік, бүгін сондай-ақ Жаңақоныс ауылында Сәбит Дөнентаев атындағы орта мектеп ашылды. 300 балаға арналған мектеп заманауи үлгіде салынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары