01.09.2018, 08:55

Донецктегі сепаратистердің жетекшісі Захарченко Иосиф Кобзонды жоқтау кезінде қаза тапқан

Мойындалмаған Донецк халықтық республикасының (ДХР) жетекшісі Александр Захарченкоға күні кеше қастандық жасалған болатын. Белгілі болғандай, ол «Сепар» дәмханасына келіп, серіктестерімен бірге әнші Иосиф Кобзонды еске алмақ болыпты. Осы сәтте жарылыс болып, Захарченко қаза тапты. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы хабарлап отыр.

Сепаратистер жетекшісінің жақындары мәлімдегендей, жарылыс кеше жергілікті уақытпен кешкі сағат 17:00 шамасында болған. Бұл сәтте Захарченконың жанында ДХР-дің шенеуніктері де бірге болыпты. Олар бірер күн бұрын ғана қайтыс болған Иосиф Кобзонды еске алу үшін жиналған екен. Әнші мен Захарченко көзі тірісінде жақын дос болғанын айта кету керек.

Аталған жарылыстан тағы екі адам ауыр жарақат алған. Олардың бірі — ДХР-дің вице-премьері және кірістер министрі Александр Тимофеев. Ал, екінші адамның кім екені айтылмай отыр.