Киевте сапарлап жүрген Австрия канцлері Себастьян Курц Украина шығысындағы «Ресей басқыншылығын» айыптады деп жазады Азаттық.
«Мен Австрия канцлері ретінде ғана емес, Еуропа кеңесінің басшысы ретінде айтамын: Ресей басқыншылығына қатысты айқын реакция білдіру керек», - деп мәлімдеді Себастьян Курц. Ол сонымен қатар Ресейді «Норманд форматы» аясында келіссөзге келуге шақырды.
Украина президенті Петр Порошенко Австрияның Украинаны «белсенді қолдайтынын» мәлімдеді. Ол бұған қоса футболдан әлем чемпионатын өткізу де, «казактармен үйлену тойына» қатысу да Мәскеудің басқыншылық пиғылын тоқтата алмайтынын айтты.
Ресми Киев Ресей президенті Владимир Путиннің таяуда Австрияға барып, осы ел сыртқы істер министрі Карин Кнайсльдің үйлену тойына қатысқанына наразы.
Франция БАҚ-ының хабарлауынша, үйлену тойына Кубань казактар хоры да қатысқан. Путиннің Австрия министрінің тойына баруы Австрияның өзінде де дау тудырған. Кейін Ресей президенті тойға жеке мақсатпен барғанын, тойдан соң Берлинге Германия канцлерімен келіссөзге аттанғанын мәлімдеген.