07.09.2018, 05:35

Ұлттық банк: Доллармен ипотека алғандардың қарызы теңгеге ауыстырылды

Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылады деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, биыл 27 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкінің басқармасы 2015 жылдың сәуірінде қабылданған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды бекітті.

Бағдарламада жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін теңгемен алынған валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландыру көзделеді. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық Банктің қаражаты есебінен 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Өз кезегінде, банктер қарыздарды қайта қаржыландырған кезде 136 миллиард теңгеден астам сомаға сыйақы, өсімпұл (тұрақсыздық айыбы), комиссиялар бойынша қарыз алушылардың берешегін кешіретін болады.

«Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылады. 2016 жылы 1 қаңтарда шетел валютасында табысы жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздарды беруге тыйым салынғанын ескерсек, Бағдарламаны жүзеге асыру банктердің портфельдеріндегі шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды жоққа шығарады және халық үшін келешекте валюталық тәуекелді болдырмайды», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьев.

Терентьев банктердің валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2018 жылғы 30 желтоқсанда, қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі - 2018 жылғы 15 желтоқсанда аяқталатынына назар аударды. Ол қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылардың кредитор банкке өтініш беруі қажет екендігін атап өтті.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Сбербанк Россия» АҚ ЕБ, «Bank RBK» АҚ, «KZI Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕБ, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ кірісті.

2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруға 22,2 миллиард теңге сомасына 2 504 өтінімді мақұлдады және 11,7 миллиард теңге сомасына 1 551 қарыз қайта қаржыландырылды. Өңірлер мен банктер бойынша ақпаратпен мына сілтеме арқылы "Банктердің ақшаны игеруі туралы ақпарат" бөлімінде толығырақ танысуға болады.

Бағдарлама шеңберінде банктер тарапынан 154,3 миллиард теңге сомасына 24 853 қарыз мақұлданды, 131,5 миллиард теңге сомасына 22 665 қарыз қайта қаржыландырылды.

Сонымен қатар, Терентьев бағдарламаның 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталғанын ескертті. «Жалпы алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкі ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін 300 миллиард теңгеден аса ақша бөлді», - деп қорытындылады уәкілетті органның өкілі.